Қызылорда облысында азаматтық қоғамды дамыту мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) жаңадан салынған орталықтардан арнайы жұмыс кабинеттері беріле бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл жаңалық Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай «Достық үйінде» өткен салтанатты жиында белгілі болды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, қоғам белсенділері, сарапшылар мен ҮЕҰ жетекшілері қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде азаматтық қоғамның ел дамуындағы рөліне тоқталып, жергілікті биліктің қоғамдық бастамаларға қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.
"Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен барлық ауданда салынған «Руханият орталықтарында» ҮЕҰ, ардагерлер мен аналар кеңестеріне, жастар ұйымдарына арнайы жабдықталған кабинеттер берілді. Сондай-ақ, біз бас қосып отырған «Достық үйінен» облыстық Азаматтық Альянсқа барлық құрал-жабдықпен қамтылған жұмыс орны бөлінді. Бұл азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру үшін жасалған нақты қадам", - деді Мейрамбек Шермағанбет.
Жиын барысында «Ақ босаға» әйелдер қоғамдық бірлестігі, «Gamma MMA» федерациясы сияқты бірқатар ұйымның жетекшілері сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Шара соңында өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласқан бірқатар ҮЕҰ өкілі облыстың ең жоғары марапаты – «Құрмет грамотасымен» және облыс әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Фото: Әлеуметтік желіден




