Қызылордада жалпы құны 73 миллиард теңгеден асатын үш ірі медициналық нысанның – заманауи перинаталдық орталық пен екі жаңа емхананың құрылысы басталады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құрылыс алаңдарына барған сапары кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында қолға алынған жобалар өңірдегі медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Ең ірі нысан – қаланың Президент саябағы аумағында бой көтеретін 200 орындық перинаталдық орталық. Құрылысына 48,5 млрд теңге бөлінген бұл кешен ана мен бала денсаулығын қорғауға арналған. Орталықта қабылдау, стационар, диагностика, операция, реанимация бөлімдерімен қатар, жерасты өткелімен жалғасқан зертхана мен ас блогы болады.
Сонымен қатар, қаланың сол жағалауында 14,78 млрд теңгеге 500 адамды қабылдай алатын көпсалалы емхана салынады. Мұнда тұрғындарға амбулаториялық, диагностикалық және күндізгі стационарлық көмек көрсетіледі. Ғимаратта педиатрия, жедел жәрдем, профилактика бөлімдерінен бөлек, 50 төсектік күндізгі стационар, дәріхана, оқу кабинеттері және 200 орындық конференц-зал қарастырылған.
Үшінші нысан – Титов мөлтек ауданында салынатын 400 орындық емхана. 10 млрд теңгеге бағаланған бұл ғимаратта балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімшелер, стоматология, әйелдер консультациясы және клиникалық-диагностикалық зертхана жұмыс істейтін болады.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі




