Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Қызылордада «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбымен кеңейтілген мәжіліс өтті

Қызылордада «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» мәжілісінде тәртіп, қауіпсіздік, кибербуллинг, заңсыз ойын және вейпке тыйым талқыланды.

Автор Мұхтар Жексенбай··2 мин чтения
Қызылордада «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбымен кеңейтілген мәжіліс өтті

Қызылордада балалар тәрбиесі, мектептегі қауіпсіздік пен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері талқыланған кеңейтілген мәжіліс ұйымдастырылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Жиын «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өтті. Басқосуға ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, аумақтық департаменттер мен басқарма басшылары, зиялы қауым, ата-аналар комитеті, мектеп директорлары, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар және сала мамандары қатысты.

Аймақ басшысы білім беру жүйесінде атқарылған жұмыстарды атап, тәрбие жұмысының бағыттарын нақтылаудың маңызына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: „Тәртіп жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну әркімнің өмір салтына айналуы тиіс. Ол үшін өскелең ұрпақтың бойына осы бастан жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет“, – деп, балаларға терең әрі тағылымды тәрбие берудің маңызын атап өтті. Бұл тұрғыда қоғамда „Заң мен тәртіп“ қағидатын орнықтыру, балалардың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғау – баршамыздың міндетіміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Мәжілісте өңірдің білім саласына соңғы жылдары бағытталған қаржы мен инфрақұрылым көрсеткіштері де сөз болды. Облыс әкімінің айтуынша, 2022–2025 жылдары білім беру саласына 1 трлн 159 млрд теңге бөлінген. 2022 жылдан бері 42 заманауи білім беру нысаны салынып, пайдалануға берілген. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп ашылып, оқушылар игілігіне ұсынылған.

«2023 жылдан бері 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Соның нәтижесінде үш ауысымда оқитын мектептер мәселесін түбегейлі шештік», – деді аймақ басшысы.

Кеңейтілген мәжілісте министр Жұлдыз Сүлейменова, депутаттар Наурызбай Байқадамов пен Мұрат Әбенов, сондай-ақ өңір прокуроры, облыс әкімінің орынбасары, прокуратура өкілдері және ата-аналар комитетінің мүшелері пікір білдірді. Қатысушылар ұлттық тәрбие өзегін сақтай отырып, мектептегі орта мен отбасындағы жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтты.

Талқылау қорытындысында жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар берілді. Әкімдік мектепішілік бақылаудағы және полиция есебіндегі оқушыларды үйірмелерге кеңінен тартуды, олардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастыруды тапсырды. Ерекше бақылауды қажет ететін, әртүрлі санаттағы отбасылардан шыққан балаларды шығармашылық және спорт секцияларымен жүйелі қамту жұмысын жалғастыру керектігі де айтылды.

Жасөспірімдер мен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, кибербуллингке тосқауыл қою және заңсыз ойындардың жолын кесу бағыты бөлек қаралды. Учаскелік полиция инспекторлары есепте тұрған жасөспірімдерге бақылауды күшейтеді.

Сонымен бірге жиналғандар вейп өнімдерін пайдалану мен сатуға толық тыйым салу мәселесін көтерді. Мектептердегі келеңсіз жағдайларға уақытылы назар аударып, тәртіп бұзушылықтың алдын алу үшін білім беру ұйымдары мен жауапты құрылымдардың жедел әрекет етуі қажет екені ескертілді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Похожие материалы

Қызылордада «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбымен кеңейтілген мәжіліс өтті · Todayinfo