Қызылордадағы «Қайсар арена» стадионында жаңа Конституцияны қолдауға арналған ауқымды шара өтіп, оған өңір басшылығы, депутаттар мен эстрада жұлдыздары қатысты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Open Air форматындағы іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Мақсат Толықбай, Нартай Сәрсенғалиев сынды белгілі тұлғалар жиналды.
Жиында сөз алған аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев конституциялық реформаның мемлекет дамуы үшін маңызына тоқталды.
«Президентіміз айтқандай, Конституция жобасы ортақ Отанымыздың жарқын келешегіне берік іргетас болады. Бұл – әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта мемлекеттігімізді нығайтатын маңызды қадам. Сындарлы сәтте ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ. Баршаңызды Қазақстанның жарқын болашағы үшін дауыс беруге шақырамын», - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Сонымен қатар, сахнада Мәжіліс депутаттары, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, айтыскер ақын, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов және басқа да қоғам қайраткерлері сөз сөйледі.
Кеш соңы танымал эстрада жұлдыздары Мәдина Сәдуақасова, Қайрат Нұртас және Мирас Жүгінісовтің концертіне ұласты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, стадионға жиналған қауым концерт тамашалап қана қоймай, ел болашағына қатысты маңызды таңдаудың жауапкершілігін сезінген.
Фото: Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі




