Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Қызылордадағы жаңа саябақ: ішінде 50 метрлік шолу дөңгелегі мен лагерь бар

Қызылордада жаңартылған Президент саябағы ашылды. Демалыс орнында 50 метрлік айналма дөңгелегі, амфитеатр мен заманауи спорт алаңдары бар.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
Қызылордадағы жаңа саябақ: ішінде 50 метрлік шолу дөңгелегі мен лагерь бар

Қызылордада күрделі жөндеуден өткен Президент саябағы салтанатты түрде есігін айқара ашты. Демалыс орнының ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым өкілдері мен аудандардан келген делегаттар қатысты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы қала тұрғындарын жаңа демалыс аймағының іске қосылуымен құттықтап, «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталды.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деген болатын. «Таза Қазақстан» жобасы туған жерімізді көркейтуге тың серпін берді. Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігімен орталық алаңдар, демалыс орындары, ойын, спорт алаңдары қайта жаңғыртылуда. Өскелең ұрпақ үшін таза, жайлы әрі қауіпсіз орта құру алдағы уақытта да жалғасады", - деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңартылған саябақ аумағы толықтай өзгерген. Мұнда заманауи субұрқақтар, амфитеатр, би, шахмат, баскетбол және футбол алаңдары салынған. Сондай-ақ келушілер үшін биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі орнатылды. Жалпы 31 гектар аумаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл отырғызылды.

Бұл жоба мұнымен шектелмейді. Саябақ аумағында 300 орындық заманауи балалар лагері, Ботаникалық білім беру орталығы және тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық бой көтеруде. Ал жақын арада 5,5 гектар жерде жаңа драма театры мен заманауи Президенттік кітапхана құрылысы басталады.

Шара соңында саябақты жаңғыртуға атсалысқан «Алем Құрылыс» компаниясының өкілдері мен экологиялық акцияларға белсене қатысқан еріктілер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Похожие материалы

Қызылордадағы жаңа саябақ: ішінде 50 метрлік шолу дөңгелегі мен лагерь бар · Todayinfo