Рудныйдағы дау: «Кеңес мұрасы» орта жүз руларының жеріне тұрғызылған қала
Фото: Рудныймедиа Жақында Рудный қаласында көше атауларын өзгерту мәселесі үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Кеңестік атаулардан арылу процесін қолдамайтын кейбір тұрғындардың әрекеті, әсіресе, бір қала тұрғынының дөрекі мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарл

Фото: Рудныймедиа
Жақында Рудный қаласында көше атауларын өзгерту мәселесі үлкен қоғамдық резонанс тудырды. Кеңестік атаулардан арылу процесін қолдамайтын кейбір тұрғындардың әрекеті, әсіресе, бір қала тұрғынының дөрекі мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Қаланы Кеңес өкіметі салды» деген уәж қаншалықты орынды?
Даудың басы бір тұрғыннің: «Бұл қаланы Кеңес одағы салды, сондықтан көше аттарын өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ. Өз қалаларыңды салып алыңдар» деген мазмұндағы мәлімдемесінен басталды. Алайда, оның пікір білдіру формасы қарапайым талқылаудан шығып, көпшілікті қорлауға ұласты. Мұндай әрекеттерге, сөзсіз, құқық қорғау органдары құқықтық баға беруі тиіс.
Дегенмен, мәселенің төркіні тереңде жатыр. Көпшілік назар аудара бермейтін бір жайт – қаланың атауы. «Рудный» сөзінің түбірі – руда (кен). Бұл жерде Қазақстанның ең бай жерасты қазба байлықтары шоғырланған. Кеңес дәуірінде осы қазақ жерінің қойнауынан шыққан миллиондаған тонна кен көршілес Ресейдің Магнитогорск және Челябинск қалаларындағы өндіріс ошақтарын қамтамасыз етті.
Демек, бұл қала ең алдымен қазақтың жерінде, қазақтың табиғи байлығының арқасында және қазақтың қаржысына тұрғызылды. Құрылысқа қазақтармен бірге тағдырдың жазуымен осы жерге қоныстанған түрлі ұлт өкілдері де атсалысты. Сондықтан «қаланы тек Кеңес өкіметі салды» деп, бүгінгі ұрпақтың тарихи құқығын жоққа шығару – жұмсартып айтқанда, әділетсіздік әрі сауатсыздық.
Тарих – 30 жылмен өлшенбейді
Тарих тек кеңестік кезеңмен шектелмейді. Бұл аумақ ежелден Орта жүз руларының құтты қонысы, атамекені болған. Кеңес Одағының келмеске кеткеніне 30 жылдан асты. Тіпті сол дәуірдің тірегі болған Коммунистік партияның өзі қазір жоқ, атауы мен бағытын өзгертті. Олай болса, ескі дәуірдің сарқынды атауларын неге өзгертпеске?
Тіпті біз үлгі тұтатын әлемдік тәжірибеде, соның ішінде көршілес Ресейдің өзінде де 1991 жылдан бастап декоммунизация процесі жүрді. Ленинград – Санкт-Петербургке, Свердловск – Екатеринбургке, Калинин – Тверьге айналды. Мыңдаған көшелерге тарихи атаулары қайтарылды. Бұл – тәуелсіздігін алған, өзін құрметтейтін кез келген ел үшін заңды құбылыс.
Рухани жаңғыру және экономика
Көше атауын өзгертуге қарсы тараптың жиі айтатын уәжі: «Атау өзгергеннен нан арзандамайды, өмір жақсармайды». Иә, көше атауын ауыстыру экономикалық көрсеткіштерді бір сәтте өзгертпесі анық. Дүкендегі баға мен қалтадағы қаражат тікелей бұл процеске байланысты емес.
Алайда, бұл мәселе материалдық байлықтан гөрі, рухани еркіндік пен ұлттық санаға көбірек қатысты. Біз өз жерімізде жүріп, бөтен елдің немесе жоқ мемлекеттің идеологиялық символдарына емес, төл тарихымызға, ұлттық батырларымызға құрмет көрсетуге тиіспіз. Жас ұрпақ Керей мен Жәнібекті, Алаш арыстарын тануы керек. Бұл – «өз үйіңде» екеніңді сезіну, жалтақтамай өмір сүру үшін қажет маңызды қадам.
Түйін
Кеңес заманында немістің «NSU Prinz» көлігінен көшіріліп жасалған «Запорожец» деген көлік болды. Бастапқы түсі сұрқай еді, кейін оны бояп, әрлеп, тартымды етіп шығарды. Сол кезде ешкім «ескі түсін қайтарыңдар» деп даурыққан жоқ. Керісінше, жаңа келбеті көз қуантты.
Қалаларымыздың келбеті де солай жаңғыруы тиіс. «Пролетарская» немесе «Советская» дегеннен гөрі, ұлттық тарихымыздан сыр шертетін, құлаққа жағымды, мағыналы атаулардың тұрғаны әлдеқайда жарасымды емес пе?
Похожие материалы

Новости
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Үшінші жәбірленуші де сотталушыға кешірім берді
Айғаным Нариманова·

Новости
Арыста 52 жастағы жүргізуші жүкті әйел мен екі баланы қағып өлтірді
Айғаным Нариманова·

Новости
Германияда Facebook қолданушылары канцлер Мерцті қорлағаны үшін айыппұл арқалады
Жаннұр Еділбаева·

Новости
В Германии пользователей Facebook оштрафовали за оскорбления канцлера Мерца
Жаннұр Еділбаева·