Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданында жыл соңына дейін жалпы құны 43,9 млрд теңгені құрайтын 21 инвестициялық жоба іске қосылады. Нәтижесінде өңірде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев арнайы брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, қазірдің өзінде ірі жобалардың бірі – «Kuzov Karabulak» серіктестігінің құрылысы 95%-ға аяқталған. Құны 2,5 млрд теңге болатын автобөлшектер шығаратын бұл зауыт 500 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
«Ауданның өндірістік әлеуетін дамыту мақсатында өткен жылы жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде 570 адам жұмыспен қамтылды. Былтыр «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің заманауи ірі мал бордақылау алаңы іске қосылды. Онда жылына 5 мың бас ірі қара бордақыланып, 10 000 тонна ет өңделеді. Бұл жұмыстар ауданның ет экспорттау саласындағы әлеуетін нығайта түседі. Сайрам ауданы бұл сала бойынша республикада көш бастап тұр», - деді Мадияр Оразалиев.
Аудан әкімі алдағы жоспарлармен де бөлісті. 2026 жылы «FATIMA MEAT MAGNATE» шаруа қожалығы 10 000 бас уақ мал бордақылайтын кешен ашса, «BEK-AGRO.KZ» қожалығы 5 000 бас ірі қараға арналған мал қорасын іске қоспақ.
Сонымен қатар, ауданның экономикалық көрсеткіштері де өсіп келеді. Өткен жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 418,7 млрд теңгеге жетіп, 31,2% өсім көрсеткен. Биыл бұл межені 467 млрд теңгеге жеткізу жоспарда бар. Ал ауданға тартылған инвестиция көлемі бір жылда екі есеге артып, 181,8 млрд теңгеге жеткен.
Инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер бар. Аудандағы 42 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтылған, ал газбен қамту деңгейі 92,8%-ға жеткен. Сондай-ақ, тұрғын үй мәселесін шешу үшін Қарасу ауылында 57 гектар жерге жаңа мөлтек ауданның құрылысы басталды. Жоба аясында 5 қабатты 47 тұрғын үй және басқа да әлеуметтік нысандар бой көтереді.
Фото: Әлеуметтік желіден




