Семейде аспалы көпірден Ертіс өзеніне құлаған жігіт құтқарылды, деп хабарлайды Абай облыстық желілік басылымы abainewskz.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бүгін кешке «112» қызметіне Семей қаласындағы аспалы көпір маңында адамның суға құлағаны туралы хабарлама түскен. Оның өздігінен құлағаны немесе басқа жағдай болғаны нақтыланбаған.

Хабар түскен бойда оқиға орнына ТЖМ Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері аттанып, іздестіру-құтқару жұмыстарына қайықтар мен жылу түсіргіші бар дронды жұмылдырған.

Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде 27 жастағы семейлік Бобровка кенті маңынан табылып, құтқарылды.

Ведомствоның хабарлауынша, жас жігіт жедел жәрдем бригадасына тапсырылған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.