Қызылорда облысы Шиелі кентіндегі «Шұғыла» мөлтек ауданында әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға арналған жаңа үйлердің пәтер кілттері тапсырылды. Бұл жолы 30 пәтерлік 15 тұрғын үйдің иелері қоныстой қуанышын бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазыбек Иса, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындарды қоныстоймен құттықтап, өңірде құрылыс қарқыны артқанын атап өтті. Тұрғын үй салу жұмыстары халықты баспанамен қамтуға ғана емес, елді мекендердің келбетін жаңартуға да әсер еткенін айтты.
«Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілді. Президентіміз тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмалар жүктегені белгілі. Оның ішінде халықты баспанамен қамту бағдарламалары тұрғын үйге қолжетімділік мәселесін шешіп қана қоймай, құрылыс индустриясын да дамытып, аймағымыздың ажарын айшықтады, сәулетіне сән қосты.
Өткен жылдың желтоқсан айында 22 пәтерлік 11 тұрғын үйдің кілтін табыстаған едік. Бүгін Шиелі кентінде 450 млн теңгеге салынған 30 пәтерлік 15 тұрғын үй халық игілігіне беріліп отыр. Жаңа қоныс құтты болсын!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Рәсім кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлер мен жаңа үйлерді тұрғызған мердігер ұйым қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары берілді. Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса мен Сенат депутаты Мұрат Ергешбаев жиналған жұртқа ақжарма тілегін арнап, жаңа қоныстың берекелі болуын тіледі.
Өңірде тұрғын үй кезегін қысқарту бағыты бойынша жұмыстар жалғасып келеді. Ресми мәліметке сай, 2022–2024 жылдары баспана кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер берілген. Соңғы үш жылда алғаш рет облыстың барлық ауданында тұрғындар 1800-ге жуық жаңа пәтерге қол жеткізді.
Қызылорда қаласында да көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы күшейген: заманауи жобамен жеті, тоғыз және он екі қабатты үйлер бой көтеріп жатыр.
Шиелі ауданында 2023–2024 жылдары жалпы құны 3 млрд 96 млн теңгеге бағаланған 228 пәтерлік 114 тұрғын үй ел игілігіне берілген.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі




