Ұйғыр ауданы – түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан, қоғамдық келісім мен тұрақтылық орныққан өңір. Бүгінде ауданда 15 этнос өкілі бір шаңырақ астында ынтымақ пен өзара құрметке негізделген өмір салтын қалыптастырып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосып келеді.
Осы татулық пен бірліктің айқын көрінісі ретінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аудан көлемінде кең ауқымда және жоғары деңгейде аталып өтті. Аудан тұрғындары бұл мерекені ерекше ықыласпен қарсы алып, бірлік пен келісімнің жарқын үлгісін көрсетті.

Мерекелік іс-шаралар аудан орталығы мен ауылдық округтерде ұйымдастырылып, оған 4000-ға жуық адам қатысты. Бұл – тұрғындардың ортақ құндылықтарға деген құрметін және бір шаңырақ астындағы татулығын тағы бір мәрте айқындады.
Мерекенің негізгі алаңы «Бірлік пен ынтымақ мекені» тақырыбында безендіріліп, арнайы фотозоналар орнатылды. Көркем безендірілген алаң мен мазмұнды композициялар тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлап, көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.

Іс-шара барысында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Әр ұлттың әні мен биі орындалып, ұлттық мәдениеттің байлығы мен сан алуандығы кеңінен насихатталды. Бұл – аудан тұрғындарының өзара сыйластығы мен достығының жарқын көрінісі болды.
Салтанатты жиында аудан басшылығы бірлік күні – елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі болып табылатын маңызды мереке екенін атап өтті. Қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты сақтау – баршамызға ортақ міндет екені ерекше айтылды.

1 мамыр – бірлік пен ынтымақтың символы. Ұйғыр ауданында өткен бұл мерекелік іс-шаралар ел ішіндегі татулық пен келісімнің берік негізін тағы бір мәрте айқындап, тұрғындардың ортақ мақсат жолында топтасқанын көрсетті.
Бірлігі бекем елдің болашағы да жарқын. Ұйғыр ауданының тұрғындары бір шаңырақ астындағы татулық пен келісімді сақтай отырып, жарқын болашаққа нық қадам басуда.




