Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталған бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты үкім заңды күшіне енгеннен кейін қызметінен кету туралы өтініш жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі Лаура Жақыпованың мәліметінше, облыс әкімі заңнама талаптарына сәйкес отставкаға өтініш бергенімен, оның өтініші қанағаттандырылмаған.
"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов белгіленген тәртіппен отставкаға кету туралы өтініш берді. Өтініш қаралғаннан кейін, оның аталған іске қатысы жоқ екендігі ескеріліп, отставканы қабылдамау туралы шешім қабылданды. Облыс әкімінің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы қызметі қалыпты режимде жалғастырып жатыр", – деп хабарлады ол.
Бұған дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімі оның орынбасары, аппарат басшысы немесе аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда отставкаға өтініш беруге міндетті екенін түсіндірген еді.
3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Жақсылық Омарды алаяқтық және пара алу факілері бойынша кінәлі деп танып, оны орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. Сот үкімімен оның Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.
Прокуратура өкілдері Омардың әрекеттері мемлекеттік қызметтің негіздеріне және қоғам сеніміне нұқсан келтіргенін атап өтті. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін сотталғандардың амнистияға немесе шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға құқығы жоқ екені ескертілді.
Тергеу нұсқасы бойынша, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болып тұрған кезде танысын кәсіпорын атынан демеушілік көмек ретінде автокөлік рәсімдеуге көндірген. Кейін Toyota Camry 75 көлігі үшінші тұлғалардың атына аударылып, trade-in бағдарламасы арқылы жаңа автокөлікке айырбасталған. Мемлекетке келтірілген шығын көлемі – 13 миллион теңге.
Іс материалдарына сәйкес, Омар қала әкімдігі қызметкерінен "жалпы қамқорлығы" үшін 20 миллион теңге талап еткен. Қызметкер бұл туралы ҰҚК-ге хабарлаған. Арнайы операция барысында күдіктіге параның алғашқы бөлігі – 6 миллион теңге қолма-қол берілген.
Жақсылық Омар сотта өз кінәсін толық мойындады. Соңғы сөзінде ол бас бостандығынан айыру жазасын айыппұлмен алмастыруды сұрады.
"Бәрін ой елегінен өткізуге жеткілікті уақыт болды. Ең қиыны болған жағдайды кері қайтара алмайтынымды түсіну. Мен мемлекетке масыл болғым келмейді, керісінше өз үлесімді қосқым келеді. Қарызға батсам да, айыппұлды төлеймін. Түсіністік танытасыздар деп үміттенемін", – деді ол.
Алайда 20 мамырда апелляциялық сот оның шағымын қанағаттандырмай, алғашқы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.




