Шымкент қаласында полиция қызметкері мен жергілікті тұрғынның қатысуымен болған жанжалдың видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қызу талқыланып жатыр.

Бейнежазба авторының айтуынша, тәртіп сақшысы оның ұялы телефонын тартып алған. Осыдан кейін азамат жеке мүлкін қайтаруды талап етіп, полиция қызметкерінің соңынан ерген. Ал полицей өз кезегінде қандай да бір телефонды алғанын жоққа шығарады.

Видеодан полиция қызметкерінің тұрғынмен дөрекі сөйлесіп, балағат сөз айтқаны байқалады. Сондай-ақ кадрларда оның қызметтік міндетін атқарып жүрген кезде, полиция формасында қолына темекі ұстап тұрғаны да көрінеді.

Аталған оқиғаға қатысты Шымкент қаласының Полиция департаменті әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.