Шымкенттегі Қонаев даңғылында орналасқан көпқабатты тұрғын үйде жеделсаты 12-қабаттан құлап, ішінде болған әйел ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 16 қабатты тұрғын үй кешенінде болған.
"12-қабатта тұрған лифт белгісіз себептермен кенеттен төмен қарай құлдилай бастаған. Нәтижесінде қауіпсіздік жүйесі іске қосылып, жеделсаты 7-қабаттың тұсында тоқтады", - деп хабарлады ведомство.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар зардап шеккен әйелді жеделсатыдан шығарып, ауруханаға жеткізді. Оның аяқ сүйектері сынып, омыртқасы зақымданғаны анықталды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Полиция бұл дерекке қатысты оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Тергеу қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деді Шымкент полициясының өкілдері.
Фото: Әлеуметтік желіден




