Солтүстік Қазақстан облысында 25 наурыздан бастап қардың қарқынды еруіне байланысты өзендердегі су деңгейі күрт көтеріле бастады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Облыс аумағындағы бірнеше өзенде қауіпті жағдай қалыптасқан. Мәселен, Ақанбұрлық өзенінде су деңгейі бір тәулікте 85 см-ге, ал Шарық өзенінде 73 см-ге көтерілгені тіркелді. Ең қауіпті жағдай Есіл өзенінде байқалады: мұнда су деңгейі небәрі төрт сағаттың ішінде 41 см-ге артқан.
Ауа температурасының +17 градусқа дейін жылынуы мұздың еруін тездетіп, жолдарды су басу қаупін арттырып отыр. Осыған байланысты облыс әкімі өңірдегі жағдайды бақылау үшін тікұшақпен әуеден барлау жұмыстарын жүргізді.
Тексеру нәтижесінде Есіл ауданындағы қар қорының белсенді түрде азайып жатқаны анықталды. Ал Үлкен Таранғұл көлі маңындағы қар қоры өткен жылмен салыстырғанда 74%-ға аз екені белгілі болды.
Қауіпсіздік шаралары аясында мамандар Селеті су қоймасынан суды ағызуды бастады.
Фото: Әлеуметтік желіден




