Todayinfo.kz
ГлавноеСмотреть все материалы

Тоқаев берген 12 күн өтті: Сарбаздардың өлімі қайта тексеріле ме?

Астанадағы наразылық пен Президенттің қатаң тапсырмасынан кейін бір айға жуық уақыт өтті. Қоғам әскердегі жұмбақ өлімдерге қатысты нақты жауап күткен еді. Алайда Қорғаныс министрлігінің бүгінгі жауабы көпшіліктің күмәнін сейілтпеген сыңайлы. Естеріңізге сала кетейік, қараша айынд

Автор Мейіржан Әуелханұлы··2 мин чтения
Тоқаев берген 12 күн өтті: Сарбаздардың өлімі қайта тексеріле ме?

Астанадағы наразылық пен Президенттің қатаң тапсырмасынан кейін бір айға жуық уақыт өтті. Қоғам әскердегі жұмбақ өлімдерге қатысты нақты жауап күткен еді. Алайда Қорғаныс министрлігінің бүгінгі жауабы көпшіліктің күмәнін сейілтпеген сыңайлы.

Естеріңізге сала кетейік, қараша айында баласынан айырылған немесе ұлы мүгедек болып қалған аналар Астанадағы Министрліктер үйінің алдына жиналған болатын. Ашынған ата-аналардың талабы біреу ғана – істі қайта қарап, кінәлілерді жазалау.

Осы оқиғадан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурор Берік Асыловқа шұғыл тапсырма беріп, 12 күн ішінде істерді тексеруді жүктеген еді.

Мерзім өтті, ал нәтиже қайда?

Президент белгілеген уақыттан бері үш аптаға жуық уақыт өтті. Бүгін журналистер Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбүбәкіровті дәлізден ұстап алып, басты сұрақты қойды: "Тексеріс не болды?".

Министр орынбасарының сөзіне сенсек, ведомство өкілдері наразы топпен кездескен.

"Біз барлық аналарды қабылдадық, барлығымен сөйлестік. Әрбір өлім, әрбір жағдай үшін қатты уайымдаймыз", - деп қысқа қайырды шенеунік.

Алайда, ол ең маңызды сұрақтың басын ашып айтпады. Нақты қылмыстық істер қайта қозғалды ма? Тергеу нәтижелері өзгерді ме? Бұл жағы әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр.

Камера мен психолог: Ескі ән бе, жаңа шешім бе?

Қаныш Әбүбәкіров әскердегі әлімжеттік пен өлім-жітімді тоқтатудың жолы ретінде тағы да "техникалық шешімдерді" алға тартты. Оның айтуынша, қазір казармаларға жаппай бейнебақылау камералары орнатылып жатыр.

Сонымен қатар, сарбаздармен жұмыс істейтін психологтардың қатары көбеймек. Министрлік өкілі бұл шаралар қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі деп сенімді.

Дегенмен, сарапшылар мен ата-аналар бұл уәделердің жылдар бойы айтылып келе жатқанын, бірақ әскерден келетін "қара қағаздың" азаймай тұрғанын алға тартады.

Похожие материалы

Тоқаев берген 12 күн өтті: Сарбаздардың өлімі қайта тексеріле ме? · Todayinfo