Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Түркістан – жаңа шахмат астанасы: Әлемдік додаға жолдама кімге бұйырады?

Түркістанда жасөспірімдер арасындағы шахматтан Қазақстан чемпионаты басталды. Жеңімпаздар әлемдік додаларға жолдама алып, ірі жүлде қорына таласады.

Автор Мұхтар Жексенбай··2 мин чтения
Түркістан – жаңа шахмат астанасы: Әлемдік додаға жолдама кімге бұйырады?

2026 жылдың 20-30 қаңтар аралығында Түркістан қаласы 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы шахматтан Қазақстан чемпионатын қабылдайды. Бұл – ел намысын халықаралық додаларда қорғайтын ұлттық құраманы анықтайтын шешуші кезең, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Жарысты KazChess федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Олимпиадалық резерв орталығында ұйымдастырып отыр. Жас таланттар классика, рапид және блиц бойынша жеті жас санатында (U6-дан U18-ге дейін) өзара мықтыны анықтайды.

2025 жылы Қазақстанның жастар құрамасы жалпы медаль саны бойынша әлемде бірінші орынға шығып, тарихи жетістікке қол жеткізген болатын. Сол жылы жас шахматшыларымыз әлемдік және құрлықтық біріншіліктерде 122 медаль жеңіп алды, оның 52-сі – алтын. Енді сол чемпиондардың көпшілігі Түркістандағы додада бас қосады.

Ел біріншілігіне ең мықтылар жиналды. Әр жас санатындағы негізгі үміткерлер тізімі мынадай:

U8 санаты:
Қыздар: Нармина Асылбекқызы (1541), Әмина Мұқанова (1527).
Ұлдар: Абдул-Мәлік Қайрат (1643, әлем чемпионы O7), Асылжан Машрапов (1613).

U10 санаты:
Қыздар: Алиша Бисалиева (1719, G8+G9 абсолютті әлем чемпионы), Мариям Таубасар (1692).
Ұлдар: CM Ризат Ұлан (2085), Нұрмұхамед Елемес (2031), Нұрали Нұршин (2026).

U12 санаты:
Қыздар: WCM Жансая Шолпанбек (2058), Милана Филиппова (1929), WCM Әдия Мамеш (1739).
Ұлдар: FM Әлімжан Жауынбай (2091), CM Нұрали Болашақов (2050), Рауан Бақыт (2049).

U14 санаты:
Қыздар: Далия Диасқызы (1884), WFM Ханзада Аманжол (1875).
Ұлдар: CM Әлішер Әбдсаттар (2176), CM Алдияр Жарас (2123).

U16 санаты:
Қыздар: WFM Адриана Сермұхамедова (2122), Малика Жаппарбекова (2023).
Ұлдар: IM Марк Смирнов (2425), IM Сауат Нұрғалиев (2423), FM Ақылжан Мейірханұлы (2319).

U18 санаты:
Қыздар: WFM Жәния Науанова (1911), WFM Мария Холявко (2164), WFM Айару Алтынбек (2152).
Ұлдар: FM Артём Богданов (2402), FM Иманғали Ақылбай (2362), FM Алан Петухов (2322).

Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 15 120 000 теңгені құрайды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтардан бөлек, халықаралық ірі турнирлерге жолдама алады.

Классика чемпиондарына берілетін жолдамалар:

  • U8–12 әлем кубогы (Батуми, 2026)
  • U8–12 кадеттер арасындағы Әлем чемпионаты (Батуми, 2026)
  • U14–18 жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты (Монтесильвано, 2026)

Сонымен қатар, вице-чемпиондар Азия чемпионатына, ал басқа жүлдегерлер Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына және Батыс Азия біріншілігіне қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Похожие материалы

Түркістан – жаңа шахмат астанасы: Әлемдік додаға жолдама кімге бұйырады? · Todayinfo