Todayinfo.kz
НовостиСмотреть все материалы

Түркістандағы жаңа кешен: «Жылыжайды 500 гектарға дейін ұлғайтамыз»

Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай іске қосылады. Кешен жылына 25 мың тонна қызанақ өндіріп, 800 жаңа жұмыс орнын ашады.

Автор Мұхтар Жексенбай··1 мин чтения
Түркістандағы жаңа кешен: «Жылыжайды 500 гектарға дейін ұлғайтамыз»

Түркістан облысында еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік жылыжай кешені көктемде іске қосылады деп күтілуде. Келес ауданындағы 51 гектар аумақты алып жатқан жоба жылына 25 мың тонна қызанақ өндіруге қауқарлы, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

«Ecoculture-Eurasia» компаниясы жүзеге асырып жатқан жобаның жалпы құны – 42 млрд теңге. Жоба толық қуатына көшкенде 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» қаржыландырып, 2023 жылы 23,5 млрд теңге бөлген.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның аймақтың агроөнеркәсіптік дамуына үлкен серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, кешен ішкі нарықты отандық сапалы өніммен қамтып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қоспақ.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін бірнеше рет атап өтті. Отандық ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – негізгі басымдықтардың бірі. Әкімдік тарапынан жобаға қажетті барлық ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі», - деді Нұралхан Көшеров.

Компания құрылтайшысы Алмас Дауытов жобаның келешек жоспарларымен бөлісті. Ол жергілікті жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберуді және кешен аумағын кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздейтінін жеткізді.

«Қажетті инфрақұрылым толықтай жеткізілді. Жергілікті тұрғындарды жылдың төрт мезгілінде де тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жылыжай кешенінің аумағын 500 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз», - деді Алмас Дауытов.

Қазіргі таңда кешеннің 40 гектар аумағында металл конструкциялары орнатылып, ішкі-сыртқы желілері тартылған. Толығымен Нидерланд жабдықтарымен жабдықталған жылыжайдың ресми ашылуы көктемге жоспарланған.

Айта кету керек, былтыр Түркістан облысындағы жалпы жылыжай көлемі 1715 гектарға жеткен. Бұл – еліміздегі жылыжайлардың 76 пайызы. Аймақ билігі 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндіруді жоспарлап отыр.

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Похожие материалы

Түркістандағы жаңа кешен: «Жылыжайды 500 гектарға дейін ұлғайтамыз» · Todayinfo