Түркістан облысында полицейлер күдік тудырған автокөлікті тоқтатқаннан кейін некеге мәжбүрлеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қызмет атқару барысында күдік тудырған Kia маркалы автокөлікке назар аударған. Полицейлердің назарын көлік ішінде отырған жолаушы қыз аударған. Ол жүріп бара жатқан көліктің ішінен қол бұлғап, көмек сұрап жатқандай көрінген.

Полицейлер көлікті бірден тоқтатқан. Сол сәтте қыз көліктен жүгіріп шығып, полиция қызметкерінен көмек сұраған. Жылап тұрған қыздың видеосы әлеуметтік желілерде тарады.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін көліктегі азаматтар полиция бөліміне жеткізілді.

"Некеге мәжбүрлеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алайда қыз өзінің болашақ жұбайымен қарым-қатынасының өзара келісімге негізделгенін айтып, болған жағдайды екеуінің арасындағы жанжалмен түсіндіріп, арыз жазудан бас тартты. Қазіргі уақытта осы оқиға бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп, болған жағдайдың барлық объективті мән-жайы анықталуда", – делінген полиция хабарламасында.