Түркістан облысында полицейлер жеті күн бойы іздеуде болған әйел мен оның төрт кішкентай баласын тауып алды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі 24.kz телеарнасына сілтеме жасап.

Бұған дейін Гүлнара Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында Отырар ауданында әйел мен төрт баланың жоғалып кеткенін жазған болатын. Оның айтуынша, туыстары отбасының 6 шілдеден кейін байланысқа шықпағанын мәлімдеген. Олар жоғалғаннан кейінгі күні-ақ полицияға жүгінген.

Полицияның мәліметінше, Отырар ауданының тұрғыны жұбайы мен төрт баласының жоғалғаны туралы арыз берген. Осыдан кейін Түркістан облыстық Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын бірден бастаған.

Іздестіріліп жатқан әйелдің жанында 6, 5, 3 жастағы және 10 айлық төрт бала болған. Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберісіне бақылау бекеттерін қойып, автокөліктерді тексерген, көршілес облыстарға бағдарлама жіберіп, үздіксіз іздеу жұмыстарын жүргізген.

«Нәтижесінде әйел мен балалар таксимен келе жатқан кезде табылып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында тұрмыстық жанжалдан кейін әйел жұбайына ренжіп, балаларын және құжаттарын алып, Шымкент қаласына кеткені анықталды. Сондай-ақ оның пәтер жалдап тұрғаны және бұл туралы ешкімге хабарламағаны белгілі болды», – деп хабарлады Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жақын туыстарын шақырып, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Отбасы мүшелері өзара татуласып, үйлеріне аман-есен оралды.