Қазақстанда қорғаныс саласын дамыту мен нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Әйгерім Ағылтаева мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс әлеуетін арттыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Негізгі басым бағыттардың қатарында әуе қорғанысы жүйелерін жетілдіру, әскери-көліктік авиацияны дамыту, арнайы операциялар күштерін күшейту, радиоэлектрондық барлау мен күрес жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттарын енгізу бар.
Әйгерім Ағылтаеваның айтуынша, бүгінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін дамыту бойынша бірқатар жобалар белсенді жүзеге асырылып жатыр. Бұл стратегиялық маңызды нысандарды қорғауға және мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әскери-көліктік авиацияны дамытуға да айрықша мән берілуде. Оның сөзінше, бұл бағыт әскердің жедел ұтқырлығын арттырып, қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге жағдай жасайды. Осы мақсатта Қазақстанның Әуе қорғанысы күштері авиациялық паркі Airbus A400M Atlas ұшағымен толықтырылған.
Кеңесшінің мәліметінше, арнайы операциялар күштері де ерекше назарда. Олар терроризмге қарсы күрестен бастап бітімгершілік миссияларға дейінгі түрлі міндеттерді орындайтын әмбебап құрылымға айналып келеді. Осыған байланысты олардың даярлығы, техникалық жабдықталуы және өзге бөлімшелермен өзара іс-қимылы күшейтіліп жатыр.
«Маңызды бағыттардың бірі – радиоэлектрондық барлау мен радиоэлектрондық күресті дамыту, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерді енгізу», – деді ол.
Оның айтуынша, бұл технологиялар барлау жүргізудің жаңа мүмкіндіктерін ашып, әскердің тиімділігін арттырады. Сонымен бірге қос мақсаттағы құралдарды әзірлеу жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Әйгерім Ағылтаева қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстан аумағында Қазақстан инжиниринг ұлттық компаниясы мен шетелдік жетекші кәсіпорындардың қатысуымен бірлескен жобалар іске асырылып жатыр. Олардың қатарында Aselsanкомпаниясымен электронды-оптикалық құрылғылар өндірісі, Eurocopter қатысуымен ЕС145 тікұшақтарын құрастыру және қызмет көрсету, сондай-ақ Thales Group компаниясымен радиобайланыс құралдарын өндіру бар.
Оның айтуынша, соңғы жылдары армия қажеттілігіне арналған отандық өнім көлемі де артқан. Атап айтқанда, оқ-дәрі өндірісі, кеме жасау, әуе қорғанысы құралдарын жөндеу мен шығару, бронды техника және оптикалық-электрондық жүйелер өндірісі жолға қойылған.
Кеңесші қазақстандық ұшқышсыз ұшу аппараттары да сынақтан өткенін айтты. Олардың ішінде «Burkit», «Sunqar», «Шағала», «Шағала-М» және «Қарақұс» бар. Оның айтуынша, сынақ нәтижесінде «Sunqar» жүйесі Қарулы Күштердің қаруына қабылданған.
Сонымен қатар ол қорғаныс саласындағы заңнамалық реформаларға тоқталды. Оның сөзінше, 2025–2026 жылдары бұл бағытта ауқымды жаңғырту жұмыстары аяқталып, жаңа заңдар қабылданған. Атап айтқанда, «Резервтегі қызмет туралы» және «Аумақтық қорғаныс туралы» заңдар күшіне енген.
«Мемлекет басшысы армия үшін басты басымдықтар ретінде жауынгерлік дайындық пен заманауи қауіп-қатерлерге бейімделу қабілетін атап өтеді», – деді Ағылтаева.
Оның айтуынша, осыған байланысты әскерді басқару жүйесін цифрландыру және автоматтандыру жұмыстары күшейтілуде. Қазіргі уақытта заманауи байланыс жүйелері, деректер алмасу және жауынгерлік әрекеттерді модельдеу құралдары енгізілуде.
Кеңесші әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету, медициналық қызмет сапасын арттыру және моральдық-психологиялық қолдау жүйесін дамыту бағытында жұмыстар жалғасып жатыр.
Сондай-ақ әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында білім беру жеңілдіктері мен кредиттік демалыстар қарастырылған.
Әйгерім Ағылтаеваның айтуынша, қазіргі таңда жүргізіліп жатқан барлық шаралар кешенді сипатқа ие. Олар бір жағынан армияны техникалық тұрғыда жаңғыртуға бағытталса, екінші жағынан әскери қызметшілерге қолайлы жағдай жасауға негізделген.




