Жол-көлік оқиғалары қоғамның ең өткір әлеуметтік мәселелерінің бірі болып қала береді. Жолдардың сапасын жақсартуға, жаңа автомагистральдар салуға және бақылау жүйелерін күшейтуге миллиардтаған теңге бөлінгенімен, адам шығыны айтарлықтай азайған жоқ. Сарапшылардың пікірінше, жол қауіпсіздігі тек инфрақұрылымға емес, жүргізушілердің мәдениетіне, қозғалысты дұрыс ұйымдастыруға және тиімді мемлекеттік саясатқа да байланысты.

2026 жылы Қазақстан БҰҰ-ның #MakeASafetyStatement жаһандық науқанына қосылды. Ұйымның мәліметінше, елімізде жыл сайын мыңдаған адам жол-көлік оқиғасынан көз жұмады немесе ауыр жарақат алады. Ішкі істер органдарының дерегіне сәйкес, апаттардың негізгі себептері – жылдамдықты асыру, қауіпті маневр жасау, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі.

Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Махамбет Төлешовтің айтуынша, полиция тек құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. «Қауіпсіз жол», «Мас жүргізуші», «Жаяу жүргінші» сияқты профилактикалық іс-шаралар тұрақты өткізіліп, жолдардың қауіпті учаскелері зерделеніп, инженерлік кемшіліктерді жою бойынша ұсыныстар әзірленіп келеді.

Жол қауіпсіздігі мәселесін ұзақ жылдан бері зерттеп келе жатқан Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының директоры Арыстан Масанов бүгінде көптеген мемлекет «Safe System» немесе «Қауіпсіз жүйе» қағидатына көшіп жатқанын айтады. Оның пікірінше, жол-көлік оқиғаларын азайту тек айыппұлды көбейту немесе жауапкершілікті күшейту арқылы мүмкін емес.

Сарапшының түсіндіруінше, қауіпсіз жүйе жолдарды дұрыс жобалауды, көлік құралдарының техникалық қауіпсіздігін арттыруды, жүргізушілерді сапалы даярлауды, жылдамдық режимін ғылыми негізде басқаруды және цифрлық технологияларды кеңінен пайдалануды қамтиды. Яғни негізгі мақсат – апат болғаннан кейін әрекет ету емес, оның туындауына әсер ететін қауіп факторларын алдын ала азайту.

Бұл тәсіл халықаралық тәжірибеде өзінің тиімділігін дәлелдеп келеді. Көптеген елде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында қауіпті жол учаскелерін қайта жобалау, автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу және жол қозғалысын тұрақты талдау басым бағытқа айналған.

Қазақстанда да соңғы жылдары автомобиль жолдарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Үкіметтің мәліметінше, соңғы бес жылда 11 мың шақырым жол I және II техникалық санатқа ауыстырылды. Соның нәтижесінде қарсы бағыттағы көлік ағындары бөлініп, жолайрықтар мен жаяу жүргіншілер өткелдері салынды. Сонымен бірге елді мекендер арқылы өтетін ауыр көлік қозғалысын азайту үшін 65 айналма жол және 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі пайдалануға берілді. Ал 2030 жылға дейін тағы 2 мың шақырым жолды жоғары техникалық санатқа көшіру жоспарланып отыр.

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, жолдарды жаңғырту кезінде қозғалыс бағыттарын бөлуге, қауіпті бұрылыстарды қайта жобалауға және жаяу жүргіншілерге арналған қауіпсіз өткелдердің санын арттыруға басымдық берілуде. Бұл шаралар жолдағы тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Инфрақұрылымды жаңартумен қатар цифрландыруға да ерекше назар аударылып отыр. 2026 жылы Көлік министрлігі e-Joldar бірыңғай ақпараттық жүйесін іске қосуды жоспарлағанын хабарлады. Жүйеде автомобиль жолдарының техникалық жай-күйі, жөндеу мерзімдері мен жол паспорттары туралы мәліметтер жинақталады. Сонымен қатар автоматты салмақ өлшеу станцияларының санын 220-ға дейін жеткізу көзделген. Бұл ауыр жүк көліктерінің жолдарды мерзімінен бұрын бүлдіруінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Жол қауіпсіздігі – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Қауіпсіз инфрақұрылым, тиімді бақылау және әрбір жол қозғалысына қатысушының жауапты әрекеті өзара үйлескенде ғана жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға болады. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан үшін басты міндет – апаттың салдарымен күресу емес, оның алдын алатын жүйені қалыптастыру.