Фото: Фокус
Кениялық ұзақ қашықтыққа жүгіретін спортшы Эванс Кибет қазір Украинада тұтқында. Ол Ресейге жарысқа барамын деп алданып, әскери қызметке күштеп тартылғанын айтады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
36 жастағы спортшы видеода көз жасын тыя алмай:
«Мен Ресейге оралсам – өлемін. Қызым бар, мен тек үйге қайтқым келеді», – дейді.
Кибеттің сөзінше, оны Ресейге спорттық жарысқа шақырып, кейін бейтаныс құжаттарға қол қойғызған.
«Мен әскери келісімшартқа қол қойғанымды білмедім. Телефон мен төлқұжатымды тартып алды. «Не соғысасың, не өлесің» деді», – деп еске алады ол.
Кибет алғашқы тапсырмаға бара жатқан сәтте қару-жарағын тастап қашып, екі күн орманда жүріп, украин әскеріне берілген.
«Мен қолымды көтеріп шықтым. «Мен кениялықпын, атпаңдаршы» деп жалбарындым», – дейді ол.
Украинаның әскери тұтқындар штабы өкілі Петр Яценко Кибетті елге қайтаруға дайын екенін, бірақ Кения билігі әлі ресми жауап бермегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Ресей жағында соғысқан африкалықтардың көбі өз мемлекеттеріне де қажет болмай отыр.
Кениядағы туыстары оны «қарапайым әрі еңбекқор адам» деп сипаттап, биліктен көмек сұрайды.