Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қарындасы Анипа Назарбаеваға байланысты компания елдегі ең ірі салық борышкерлерінің қатарына енді, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі Tengrinews-ке сілтеме жасап.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, GROUP OF THE COMPANIES TDA ЖШС-нің бюджет алдындағы салық және өзге де міндетті төлемдер бойынша берешегі 92 млрд теңгеден асқан.
«2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша “GROUP OF THE COMPANIES TDA” ЖШС-нің салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі 92,3 млрд теңгені құрайды», – деп хабарлады ведомство редакцияның ресми сауалына берген жауабында.
Комитетте компанияның өзін банкрот деп тану туралы сотқа өтініш бергені де айтылды. Қазіргі таңда бұл іс сотта қаралып жатыр.
2026 жылғы 1 қаңтардағы ең ірі салық борышкерлері
Анипа Назарбаеваға байланысты компания ең ірі салық борышкерлерінің антирейтингінде үшінші орынға шықты:
-
Ai-To Progress ЖШС (Даурен Молдағалиев) — 111,6 млрд теңге;
-
Alpha-bet (Альфа-Бэт) ЖШС, Velora Group LTD — 95,1 млрд теңге;
-
GROUP OF THE COMPANIES TDA ЖШС (Али Клышпаев, Анипа Назарбаева) — 92,3 млрд теңге;
-
«OLIMP KZ» букмекерлік кеңсесі ЖШС (Анарбек Жауыров) — 85,6 млрд теңге;
-
GB Invest ЖШС (Файез Наджиб) — 47,2 млрд теңге.
Контрабанда және салықтан жалтару
2025 жылғы шілдеде сот GROUP OF THE COMPANIES TDA ЖШС-ін Қытайдан тауарларды заңсыз әкелу және салық төлеуден жалтару фактілері бойынша кінәлі деп таныды.
Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті компанияның уәкілетті экономикалық оператор мәртебесіне ие бола отырып, Қытайдан 100-ден астам контейнер тауарды контрабандалық жолмен әкелгенін хабарлады.
Сондай-ақ салықтық міндеттемелерді азайту мақсатында 10 аффилирленген компания пайдаланылып, олар арқылы жалған шот-фактуралар рәсімделген. Соның салдарынан бюджетке қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және кедендік баждар бойынша шамамен 10 млрд теңге төленбеген.
Сот шешімімен іс фигуранттары мүлкін тәркілей отырып, 1 жыл 4 айдан 4 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды. Айыпталушылардың бірі халықаралық іздеуге жарияланды.
Тергеу барысында компания мемлекетке ерікті түрде 643 млн теңге өтеді. Сонымен қатар 1,3 млрд теңгеге бағаланған тауарлар мен 300 млн теңгенің мүлкіне тыйым салынды. Бұдан бөлек, 47 контрагент бюджетке 240 млн теңге аударды.
Коллаж: КазТАГ




