Ақмола облысында Астана – Қорғалжын тас жолында болған ауыр жол апатынан бес адам көз жұмды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Қайғылы оқиға 21 маусым күні түстен кейін тіркелген. Жол апаты туралы алғашқы ақпарат Instagram желісіндегі 716.kz парақшасында жарияланды. Онда бірнеше көліктің соқтығысып, салдарынан адамдар қаза тауып, жарақат алғаны айтылған.
Ақмола облыстық полиция департаменті апаттың мән-жайын хабарлады. Ведомство мәліметінше, тас жолда Kia, Toyota Fortuner және Toyota Land Cruiser көліктері соқтығысқан.
Қатты соққыдан кейін екі Toyota көлігі өртеніп кеткен. Алдын ала дерек бойынша, апат салдарынан бес адам қаза тауып, тағы бес адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген.
Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Мамандар жол апатының нақты себебі мен барлық мән-жайын анықтап жатыр.




