Жоғары аудит палатасы «Болашақ» бағдарламасын басқарудағы бұзушылықтарды анықтады. Палата мүшесі Қасқын Қасқиннің айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігінің жеке шешімімен жалпы іріктеу критерийлеріне сәйкес келмейтін 40 студентке стипендия тағайындалған. Бұл қазынаға 7,7 млрд теңгеге түскен.
Сонымен қатар, бекітілген лимиттен тыс тағы 151 стипендия берілген. Әсіресе жасанды интеллект бағыты бойынша жоспарланған 54 стипендияның тек бесеуі ғана тағайындалып, қалған 49-ы басқа бағыттарға қайта бөлінген.
Оқытушылар, студенттер мен түлектер арасында жүргізілген сауалнама да осы қорытындыларды растайды. Оқытушылардың 46%-ы еңбекақыны бәсекеге қабілетсіз деп санайды. Студенттердің 41%-ы бағдарламаларды ескірген және тәжірибеге жарамсыз деп атайды, ал 45%-ы жоғары оқу орындарының инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай емес деп есептейді.




