Алматыда әжелер оқушыларға ерекше тәрбиелік мәні бар қойылым көрсетті, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпараттық порталы.
Алматының Бостандық ауданындағы №65 мектеп-гимназиясында «Асыл әжелер – ұрпақ тәрбиесінің шамшырағы» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Іс-шара «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» аясында өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналды.
Кештің басты ерекшелігі – ұрпақ тәрбиесіндегі әжелердің рөлін насихаттап, қазақ халқының салт-дәстүрін кеңінен таныту болды. Ақ жаулықты әжелер ән шырқап, мың бұралып би билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сонымен қатар, ұлттық киімдерден сән көрсетілімі ұйымдастырылып, қазақы нақыштағы әсемдік пен ұлттық мәдениеттің байлығы паш етілді.
«Шара барысында қазақ халқының тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрлері сахналанып, тұсау кесу рәсімі көпшілік назарына ұсынылды. Сәбидің болашағына ақ жол тілеп, қадамы нық болсын деген ниетпен орындалатын бұл дәстүр көрермендердің ерекше ықыласына бөленді», - деді № 65 мектеп-гимназия директоры Әсел Әбішева.
Кешке арнайы шақырылған қонақтар да қатысып, ұлттық тәрбиенің бала болмысының қалыптасуындағы маңызы туралы ой бөлісті. «PRIZMA school» мектебінің педагогтері және «Ұлттық құндылықтар – балалардың психологиясына оң әсер ететін маңызды тәрбие құралы» оқулығының авторы Мұкашева Құралай Қозықанқызы ұлттық тәрбиенің бала психологиясына әсері жайында баяндама жасады.
Ал, Есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №5 арнайы мектеп-интернатының оқытушысы Тоғай Эльмира Бахтиярқызы отбасындағы ұлттық құндылықтарды сақтау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Мазмұнды әрі әсерлі өткен кеш көпшілікке рухани әсер сыйлап, отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың қоғамдағы маңызын тағы бір айқындай түсті.




