Алматы қаласының тұрғыны шақыртумен келген фельдшер тарапынан сексуалдық қысым жасалғанын айтты. Ал фельдшер өз кезегінде бұл айыптауды жала деп отыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

14 мамырға қараған түні Алматы тұрғыны жедел жәрдем шақырған. Шақырту бел ауыруына қарсы қабылданған дәрілерден кейін пайда болған аллергиялық асқынуларға байланысты болған.

«Пәтерде біз екеуміз ғана болдық. Ол ЭКГ жасады, өкпемді тыңдады, екі укол салды – біреуі көктамырға, біреуі бұлшықетке. Кейін жеке әңгіме бастады, қайдан екенімді, қайда жұмыс істейтінімді сұрады. Маған ыңғайсыз болды, сондықтан бұл әңгімені тоқтаттым», – дейді қыз.

Оның айтуынша, кейін фельдшер қандай дәрілерге аллергиясы бар екенін сұрап, бел ауруына байланысты тексеру керек екенін айтып, оны етпеттен жатқызған.

«Ол алдымен арқамды, мойнымнан бастап уқалай бастады. Бел тұсына келгенде жыныстық қатынас қашан болғанын сұрады. Мен екі күн бұрын дедім. Содан кейін бөксемді уқалай бастады. Артынша екі қолымен аяғымның арасына кіріп, жыныс мүшелерімді уқалай бастады», – дейді ол.

Қыз қорқып орнынан атып тұрып, оның не істеп жатқанын сұрағанын айтады. Фельдшер болса «кешір, жай ғана уқалай салдым» деп күлген.

Телефонын алмақ болған кезде, фельдшер оны күшпен жұлып алғаны да айтылады.

«Ол “кешір, кешір, тізерлеп тұрайын ба” деді. Мен телефонымды сұрадым, ол тізерлеп тұрып, қолымды сүйіп, кету үшін бірдеңе сұрады», – деп бөлісті жәбірленуші.

Қыз қорыққаннан үйден қашып шығып, көршілерден көмек сұраған. Кейін полицияға арыз жазған.

Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы фельдшердің ар-намысты қорғау туралы арыз жазғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл айыптаулар – жала.

Qumash.kz мәліметінше, қызметтік тексеріс нәтижесі бойынша, шағым расталмаған.

Фельдшер өз кезегінде барлық медициналық көмек хаттамаға сай көрсетілгенін, пациентке госпитализация ұсынылғанын, бірақ ол бас тартқанын айтқан.

Полиция бұл факті бойынша тексеру басталғанын хабарлады.

«Әлеуметтік желідегі жарияланымға байланысты Жетісу аудандық полиция басқармасы тексеріс жүргізіп жатыр. Барлық мән-жай анықталады, қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – делінген хабарламада.