Суперкомпьютер Чемпиондар лигасының финалында "Арсеналдың" ПСЖ-ны жеңетінін болжады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Англиялық клубтың жеңіске жету мүмкіндігі 54,56 пайыз болса, париждіктерде 45,44 пайыз мүмкіндік бар.
Чемпиондар лигасының жартылай финалдық ойындары аяқталғаннан кейін Opta Analyst суперкомпьютері турнирдің фаворитін анықтады.
Суперкомпьютердің болжамы бойынша, лондондық "Арсенал" "Пари Сен-Жерменді" (ПСЖ) жеңеді.
Оның есептеулеріне сәйкес, Англия клубының қазіргі чемпионға қарағанда жеңіске жету мүмкіндігі сәл жоғары.
Чемпиондар лигасында жеңіске жетуге "Арсенал" мен "Пари Сен-Жерменнің" мүмкіндіктері:
"Арсенал" (Англия) - 54,56 пайыз;
"Пари Сен-Жермен" (Франция) - 45,44 пайыз.
Естеріңізге сала кетейік, жартылай финал кезеңінде лондондық "Арсенал" екі матчтың қорытындысы бойынша мадридтік "Атлетиконы" жеңді. Алғашқы кездесу 1:1 есебімен аяқталса, қарымта матчта Лондон клубы 1:0 есебімен жеңіске жетіп, финалға шықты.
Өз кезегінде "Пари Сен-Жермен" мюнхендік "Бавариямен" кездесті. Алғашқы матчта Париж командасы 5:4 есебімен жеңіске жетсе, қарымта матч 1:1 есебімен тең аяқталды.
Чемпиондар лигасының финалы 30 мамырда Қазақстан уақытымен сағат 21:00-де Будапешттегі (Венгрия) "Пушкаш Аренада" өтеді.
"Арсенал" тарихта алғаш рет осы трофейді жеңіп алуы мүмкін, ал ПСЖ қатарынан екінші Чемпиондар лигасы кубогын алуға ұмтылуда.
Бұған дейін мадридтік "Реал" жанкүйерлері француз шабуылшысы Килиан Мбаппенің клубтан кетуін талап етіп петиция жариялаған болатын. Оған тоғыз миллионнан астам адам қол қойды.
Ал БАҚ-та француздық "Пари Сен-Жермен" жұлдызды португал шабуылшысы Криштиану Роналдудың ұлымен келісімшарт жасасуға қызығушылық танытып жатқаны туралы ақпарат пайда болды.




