Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты боксшы Данияр Елеусіновке қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Сот мәліметінше, Данияр Елеусінов алкогольдік масаң күйде көлік тізгініне отырып, елорда көшелерінде үш бірдей жол-көлік оқиғасын жасаған.

Іс материалдарына сәйкес, алдымен жүргізуші жерасты автотұрағы қақпасының тірегіне соқтығысқан. Кейін басқа автокөлікпен соқтығысып, соққының әсерінен тағы бір көлікке зақым келтірген. Бұдан соң Kia Sportage автокөлігімен соқтығысып, соның салдарынан аталған көлік Toyota Hilux-пен қақтығысқан.

Оқиғалардың нәтижесінде бірнеше көлік механикалық зақымданып, материалдық шығын келтірілген.

Сотта құқықбұзушының кінәсі медициналық куәландыру қорытындысымен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалармен, жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен, бейнежазбалармен, оқиғаға қатысушылардың түсініктемелерімен және өзге де дәлелдемелермен расталғаны айтылды. Медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Данияр Елеусіновте алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған.

Сот отырысында Данияр Елеусінов өз кінәсін толық мойындаған.

Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігіне сәйкес оған 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.