Қазіргі таңда қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – есірткіге тәуелділік. Соңғы жылдары бұл бағытта профилактикалық жұмыстар күшейіп, халық арасында ақпараттық-ағарту шаралары кеңінен жүргізілуде. Психикалық сауықтыру орталығының наркологиялық қызметінде жұмыс істейтін жоғары санатты дәрігер-нарколог, медицина ғылымдарының магистрі Данияр Сүйінбековтің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде жағдай біртіндеп жақсарып келеді.
Нашақорлыққа шалдыққандар саны азайып келеді
Маманның сөзінше, соңғы жылдары профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының арқасында есірткі қолданушылар санының төмендеу үрдісі байқалады.
«Салыстырмалы түрде алғанда, диспансерлік бақылауда тұрған нашақорлық дертіне шалдыққан науқастардың саны биыл өткен жылмен салыстырғанда жиырма адамға азайды», – дейді дәрігер.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, есірткіге тәуелділік көбінесе 35-45 жас аралығындағы азаматтар арасында жиі кездеседі.
Жастар арасында синтетикалық есірткілер таралған
Соңғы жылдары жастар арасында синтетикалық есірткілердің таралуы алаңдаушылық туғызып отыр. Мұндай заттар әртүрлі жолдармен қолданылады: иіскеу, шегу немесе инъекция арқылы.
Данияр Сүйінбековтің айтуынша, синтетикалық есірткінің басты қаупі – тәуелділікті өте тез қалыптастыруында.
«Кей жағдайларда бір рет қолданудың өзі психологиялық тәуелділікке алып келуі мүмкін. Сонымен қатар синтетикалық есірткілер ауыр психикалық бұзылыстарға, соның ішінде психоздарға себеп болуы ықтимал», – дейді маман.
Алдын алу шаралары қалай жүргізіледі?
Нашақорлықтың алдын алу мақсатында мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында тұрақты түрде лекциялар мен семинарлар өткізіледі. Сонымен қатар әскери бөлімдерде, қоғамдық ұйымдарда және түрлі іс-шараларда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Маман қазіргі уақытта ең тиімді құралдардың бірі әлеуметтік желілер екенін атап өтті.
«Қазіргі жастардың басым бөлігі ақпаратты интернет пен әлеуметтік желілерден алады. Сондықтан профилактикалық жұмыстарды дәл осы платформалар арқылы жүргізу өте маңызды», – дейді ол.
Әлеуметтік желілерде ақпараттық роликтер, посттар, деректі фильмдер, ғылыми зерттеулердің нәтижелері және анимациялық материалдар жарияланып тұрады.
Ата-аналар қандай белгілерге назар аударуы керек?
Дәрігердің айтуынша, ата-аналар баласының мінез-құлқындағы өзгерістерге ерекше көңіл бөлуі қажет.
Нашақорлықтың алғашқы белгілеріне мыналар жатады:
Мінез-құлықтың күрт өзгеруі;
Бұрынғыдан жиі ақша сұрау;
Ата-анасы танымайтын жаңа достардың пайда болуы;
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы бейтаныс адамдармен жиі байланыс орнату;
Құпия немесе түсініксіз сөздермен сөйлесу.
Осындай өзгерістер байқалса, мамандардан кеңес алған жөн.
Интернеттегі есірткі жарнамасының қаупі
Қазіргі уақытта есірткі саудасының едәуір бөлігі интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асады. Жарнамалар көбіне ашық түрде берілмейді.
«Олар есірткіні басқа атаумен ұсынуы мүмкін. Мысалы, жай ғана сусын, сағыз немесе зиянсыз өнім ретінде көрсетуі ықтимал. Сонымен қатар жастар арасында бір-біріне ұсыну арқылы да таралады», – дейді дәрігер.
Осыған байланысты ата-аналардың балаларының интернеттегі белсенділігіне назар аударып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі маңызды.
Емдеу үш кезең бойынша жүргізіледі
Нашақорлықты емдеу бірнеше кезеңнен тұрады.
Бірінші кезеңде ағзаны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл уақытта бауыр, бүйрек және орталық жүйке жүйесінің қызметін жақсартуға бағытталған медициналық көмек көрсетіледі.
Екінші кезең – психологиялық және психотерапиялық оңалту. Бұл кезеңде науқастармен психологтар мен психотерапевтер жұмыс істеп, олардың психологиялық тұрақтылығын қалыптастыруға көмектеседі.
Үшінші кезеңде әлеуметтік және еңбекке бейімдеу шаралары жүргізіледі. Өйткені есірткі қолдану салдарынан көптеген азаматтар жұмысынан айырылып, отбасылық және қаржылық қиындықтарға тап болады.
Анонимді түрде емделуге мүмкіндік бар
Маманның айтуынша, көптеген азаматтар диспансерлік бақылауға алынудан қорқып, мамандарға жүгінбейді.
«Егер адам диспансерлік бақылауға тұрғысы келмесе, анонимді түрде ем қабылдау мүмкіндігі бар. Алайда бұл туралы көпшілік біле бермейді», – дейді Данияр Сүйінбеков.
Оның айтуынша, қазіргі таңда науқастардың құпиялылығын сақтау мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.
Нашақорлықтан толық айығуға бола ма?
Мамандар нашақорлықты созылмалы ауру ретінде қарастырады. Сондықтан мұнда ремиссия және рецидив кезеңдері болуы мүмкін.
Дегенмен кешенді ем алып, дәрігерлер мен психологтардың ұсыныстарын тұрақты орындаған жағдайда адам ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізіп, қалыпты өмірге қайта орала алады.
«Бұл жерде тек дәрігерлердің көмегі жеткіліксіз. Науқастың өзі де сауығуға деген ниетін көрсетіп, тұрақты түрде жұмыс істеуі қажет», – дейді нарколог.
Психологиялық қолдау мен ортаның әсері зор
Маманның пікірінше, тәуелділіктің ең күрделі жағы – психологиялық тәуелділік.
Сондықтан емдеу барысында психологтар мен психотерапевтердің көмегі ерекше маңызды. Сонымен қатар отбасының қолдауы да үлкен рөл атқарады.
«Егер жақындары адамды кінәлап, шеттетсе, оның жағдайы қиындай түседі. Ал қолдау көрсетіп, дұрыс жолға түсуіне көмектессе, сауығу мүмкіндігі артады», – дейді дәрігер.
Сондай-ақ адамның араласатын ортасы да маңызды факторлардың бірі. Қолайлы әлеуметтік орта мен қолдау тәуелділіктен арылу процесін жеңілдетеді.
Тәуелділік неден басталады?
Данияр Сүйінбековтің айтуынша, көп жағдайда тәуелділік «бір рет қана байқап көру» деген ойдан басталады.
Кейбір адамдар күйзеліс, стресс немесе психологиялық қиындықтар кезінде есірткіні уақытша жеңілдік ретінде қабылдауы мүмкін. Алайда дәл осы кезең тәуелділікке апаратын қауіпті қадам болып табылады.
«Ең дұрыс шешім – мүлде қолданбау. Өйткені бір рет қолданудың өзі ұзақ жылдарға созылатын күреске себеп болуы мүмкін», – дейді маман.
Нашақорлықпен күресте ең тиімді жол – алдын алу, дұрыс ақпарат беру және жастардың саналы таңдау жасауына ықпал ету. Сондықтан отбасы, білім беру ұйымдары, медицина қызметкерлері және қоғам бірігіп әрекет еткенде ғана бұл мәселенің алдын алуға болады




