Ұлытау облысында ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы негізгі міндеттердің бірі – білікті медицина мамандарының тапшылығын азайту. Осы бағытта өңірде жас дәрігерлерді ауылдық жерлерге тартуға және оларды ұзақ мерзімге тұрақтандыруға арналған кешенді қолдау шаралары іске асырылып келеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Кадр тапшылығы біртіндеп азайып келеді
Облыс құрылғаннан кейін медицина саласындағы кадр мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлінді. Егер 2023 жылы өңірде дәрігерлер тапшылығы 283 маманды құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 189-ға дейін төмендеді. Осылайша бірнеше жылдың ішінде қажетті мамандар саны шамамен жүз адамға қысқарды.
Дегенмен ауылдық жерлерде кадр тапшылығы әлі де өзекті. Қазіргі есеп бойынша дәрігерлерге деген қажеттілік 33,5 штаттық бірлікті құрайды. Оның ішінде Ұлытау ауданында – 7,75, Жаңаарқа ауданында – 25,75. Орта буын медицина қызметкерлерінің тапшылығы да сақталып отыр: жалпы қажеттілік – 48,5 штаттық бірлік, оның 19,5-і Ұлытау ауданына, 29-ы Жаңаарқа ауданына тиесілі.
Жас дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде
Мамандарды өңірге тарту мақсатында республикалық және жергілікті бюджет есебінен білім беру гранттары бөлініп келеді. 2023 жылы жергілікті қаржы есебінен 15 резидент білім алды. Келесі жылы тағы 23 резидентпен үшжақты келісім жасалып, олардың оқуына қолдау көрсетілді. Ал 2025 жылы медициналық мамандықтарға арналған 130 мемлекеттік грант бөлініп, оның жартысы игерілді.
Жұмысқа орналасу көрсеткіштері де оң өзгерісті байқатады. 2024 жылы облысқа сұраныс жоғары 40 дәрігер келсе, 2025 жылы тағы 35 маман еңбек жолын бастады. Бұған қоса, жергілікті білім беру тапсырысы арқылы оқыған алты түлек туған өңірінде қызметке кірісті.
Әлеуметтік қолдау – негізгі ынталандыру тетігі
Жас дәрігерлерді ауылда тұрақтандыру үшін әлеуметтік қолдау шаралары кеңінен қолданылады. Мамандарға қызметтік баспана беріледі, көтерме жәрдемақы төленеді, жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары ұсынылады және кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасалады.
Соңғы үш жылда 84 дәрігерге 5–8 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Оның ішінде ауылдық елді мекендерге келген 23 дәрігерге ең жоғары мөлшердегі – 8 миллион теңгеден төленді. Сонымен қатар 75 дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Ауылға барған
мамандардың барлығы баспанамен қамтылған.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. 2026 жылы медицина қызметкерлерін ынталандыру мақсатында облыстық бюджеттен 180 миллион теңге қарастыру жоспарланған.
Тәлімгерлік жүйесі енгізіледі
Жас дәрігерлердің жаңа жұмыс орнына тез бейімделуі үшін тәлімгерлік институты дамытылып жатыр. Осы мақсатта тәжірибелі мамандар арнайы даярланып, 2026 жылдан бастап облыстың ірі медициналық ұйымдары жанынан «Тәлімгерлер мектебі» жұмысын бастайды.
Телемедицина ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндік
Цифрлық технологияларды енгізу ауылдық медицинаның мүмкіндігін кеңейтуде. Телемедицина шалғай ауылдардағы дәрігерлерге республикалық деңгейдегі жетекші мамандармен қашықтан кеңес өткізуге мүмкіндік береді.
Күрделі клиникалық жағдайларда онлайн консультациялар ұйымдастырылып, диагнозды нақтылау мен емдеу тактикасын таңдауға қолдау көрсетіледі. Қажет болған жағдайда пациенттер жоғары мамандандырылған медициналық ұйымдарға дер кезінде жолданады. Бұл ретте санитарлық авиация қызметінің де маңызы зор.
Қазіргі уақытта мұндай байланыс негізінен онлайн платформалар арқылы жүргізілуде. Алдағы жылдары телемедицина мүмкіндіктері ауылдық медициналық ұйымдардың күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналады деп күтілуде.
Ауыл медицинасында оң өзгерістер байқалады
Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өңірдегі ауылдық медициналық инфрақұрылым айтарлықтай жаңарды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ұлытау ауданында жеті фельдшерлік-акушерлік пункт пен екі медициналық пункт салынды. Ал Жаңаарқа ауданындағы шалғай ауылдарда он жаңа дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт пайдалануға берілді.
Бұл жұмыстар ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Ана мен бала денсаулығы – басты басымдықтардың бірі
Өңірде ана мен бала денсаулығын қорғау саласында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан, бірқатар мәселелер әлі де өзекті болып отыр.
Олардың қатарында жүкті әйелдердің медициналық есепке кеш тіркелуі, профилактикалық тексерулерге қатысу деңгейінің төмен болуы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспайтын азаматтардың дәрігерге кеш қаралуы бар.
Осыған байланысты халықтың медициналық сауаттылығын арттыру, профилактикалық жұмыстарды күшейту және МӘМС жүйесіне қатысу деңгейін көтеру бағытындағы шаралар жалғасуда.
Сонымен бірге облыста ауылдық медицина ұйымдарының кадрлық әлеуеті педиатрлар мен неонатологтарды тарту арқылы нығайтылып келеді. Бұл балалар арасындағы ауруларды ерте анықтап, ауыр жағдайларды уақытылы емдеуге және қажет болған жағдайда облыстық клиникалық ауруханаға жедел жолдауға мүмкіндік береді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде балалар мен нәрестелер өлімінің деңгейі төмендеп, 2026 жылы неонаталдық өлім-жітім тіркелмеген.
Негізгі мақсат – сапалы әрі қолжетімді медицина
Жалпы алғанда, Ұлытау облысында ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту кешенді түрде жалғасып келеді. Жаңа медициналық нысандар салынып, материалдық-техникалық база жаңартылып, цифрлық технологиялар енгізіліп, білікті мамандарды тарту жұмыстары күшейтілуде.
Бұл бастамалардың барлығы ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.




