Ұлытау облысында есірткіге тәуелділіктің алдын алу және психоактивті заттарды қолданумен күрес денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бағытта медициналық бақылаумен қатар ақпараттық-түсіндіру, профилактикалық және әлеуметтік жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Динамикалық бақылауда қанша адам тұр?

Қазіргі таңда облыстық психикалық денсаулық орталығында психоактивті заттарды қолданатын 232 адам динамикалық бақылауда тұр. Олардың басым бөлігі бірнеше психоактивті затты араластырып қолданатын азаматтар.

Сонымен қатар опиоидтарды, каннабиноидтарды, стимуляторларды, седативтік дәрілерді және ұшпа еріткіштерді пайдаланатын пациенттер де есепке алынған.

Мамандардың айтуынша, бақылаудағы адамдардың басым бөлігін ұзақ уақыт бойы тәуелділікпен күресіп жүрген азаматтар құрайды.

Соңғы жылдары жағдай қалай өзгерді?

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, соңғы үш жылда өңірдегі көрсеткіш айтарлықтай өзгерген жоқ.

2024 жылдың басында есепте 249 адам болса, жыл соңында олардың саны 232-ге дейін азайды. 2025 жылы қайтадан белгілі бір өсім байқалып, бақылаудағы азаматтар саны 238 адамға жетті. Ал биылғы есепті кезеңнің қорытындысында бұл көрсеткіш қайтадан 232 адамды құрап отыр.

Динамикалық бақылаудан шығарылған азаматтардың негізгі бөлігі тұрақты ремиссияға қол жеткізгендер. Сонымен бірге ұзақ жылдар бойы психоактивті заттарды қолданудың салдарынан денсаулығы нашарлап, қайтыс болған жағдайлар да кездеседі.

Мамандардың пікірінше, 2025 жылы анықталған адамдар санының артуына жаңа бақылау тетіктерінің енгізілуі әсер еткен. Атап айтқанда, биологиялық материалдарды зерттеу арқылы психоактивті заттарды қолданушыларды анықтау мүмкіндігі кеңейді.

Қай жас санатында тәуелділік жиі кездеседі?

Статистикаға сүйенсек, есірткіге тәуелді азаматтардың басым бөлігі – орта жастағы адамдар.

Ең көп тіркелген топ – 45–49 жас аралығындағы тұрғындар. Одан кейін 40–44 және 50–54 жас санатындағы азаматтар орналасқан.

Ал жастар арасындағы көрсеткіш айтарлықтай төмен. 18–19 жас аралығында небәрі бір адам есепте тұрса, 20–24 жас аралығында төрт адам тіркелген.

Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандар арасында динамикалық бақылауда тұрғандар жоқ.

Жастар арасында қандай тәуелділік жиі кездеседі?

Медицина мамандарының мәліметінше, жастар арасында көбіне бірнеше психоактивті затты қатар пайдалану кездеседі. Оның ішінде есірткі мен алкогольді бірге қолдану фактілері жиі анықталады.

Соған қарамастан, жалпы есепте тұрғандардың арасында жастардың үлесі аз. Бақылаудағы пациенттердің негізгі бөлігін еңбекке қабілетті орта жастағы азаматтар құрайды.

Синтетикалық есірткінің қаупі неде?

Мамандар синтетикалық есірткіні қазіргі кездегі ең қауіпті психоактивті заттардың қатарына жатқызады.

Олар зертханалық жолмен дайындалып, табиғи есірткілерге қарағанда әлдеқайда күшті әрі ағзаға агрессивті әсер етеді. Мұндай заттарға тәуелділік өте қысқа мерзімде қалыптасып, адамның жүйке жүйесін, ішкі ағзаларын және психикалық денсаулығын ауыр зақымдайды.

Қауіптілігі тек әсерімен шектелмейді. Өндірушілер химиялық құрамын жиі өзгертіп отыратындықтан, синтетикалық есірткіні анықтау да, оған қарсы күресу де күрделене түседі.

Ұзақ уақыт қолданған жағдайда:

* психикалық және тұлғалық өзгерістер тез дамиды;

* ми, жүрек және бауыр қызметі айтарлықтай бұзылады;

* иммунитет әлсірейді;

* созылмалы аурулардың ағымы күрделенеді;

* репродуктивті денсаулыққа зиян келеді;

* ауыр жағдайларда өлім қаупі артады.

Сондықтан мұндай тәуелділікті емдеу ұзақ уақытты, кешенді медициналық көмекті және тұрақты бақылауды талап етеді.

Алдын алу жұмыстары қалай жүргізіледі?

Ұлытау облысында нашақорлықтың алдын алу бірнеше мемлекеттік органның бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылып келеді.

Облыстық психикалық денсаулық орталығы денсаулық сақтау басқармасымен, полиция департаментімен, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп профилактикалық іс-шараларды тұрақты ұйымдастырады.

Сонымен қатар Жезқазған қаласындағы Жастар денсаулық орталығымен меморандум жасалып, жастар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілген.

Алдын алу шаралары дәрістер, тренингтер, кездесулер, дөңгелек үстелдер және ақпараттық материалдар тарату арқылы өткізіледі.

Білім беру ұйымдарындағы профилактиканың маңызы

Мамандардың пікірінше, мектептер мен колледждердегі профилактикалық жұмыстар тек лекция оқумен шектелмеуі тиіс.

Тиімді нәтиже беру үшін психологиялық қолдау, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қосымша білім беру үйірмелерін дамыту және қауіп-қатер тобындағы жастарды ерте анықтау қатар жүргізілуі қажет.

Бұл бағытта білім беру ұйымдары, ата-аналар, әлеуметтік педагогтер, құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлерінің өзара ықпалдастығы ерекше маңызды.

Ата-аналар қандай белгілерге назар аударуы керек?

Мамандардың айтуынша, психоактивті заттарды қолдана бастаған жасөспірімнің мінез-құлқында бірқатар өзгерістер байқалуы мүмкін.

Ең жиі кездесетін белгілер:

* көңіл күйінің себепсіз жиі өзгеруі;

* ашушаңдық немесе тұйықтық;

* оқу үлгерімінің төмендеуі;

* бұрынғы достарынан алшақтап, жаңа орта табуы;

* телефон мен компьютерді құпия ұстауы;

* бөлмесінде күмәнді иістердің пайда болуы;

* жаргон сөздерді қолдануы;

* көз қарашығының қалыптан тыс өзгеруі;

* сөйлеу мәнерінің бұзылуы;

* ұйқы мен тәбеттің тұрақсыз болуы;

* жиі ақша сұрауы немесе үйдегі құнды заттардың жоғалуы.

Осындай бірнеше белгі қатар байқалса, мамандар уақыт оздырмай психологқа немесе наркологқа жүгінуге кеңес береді.

Интернет арқылы таралатын есірткі жарнамасы – жаңа қауіп

Қазіргі таңда есірткінің интернет арқылы таралуы құқық қорғау органдары мен медицина мамандарын алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі.

Әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі интернет-платформалар арқылы таралатын жасырын жарнамалар жастарды заңсыз айналымға тартудың тиімді құралына айналып отыр.

Заманауи цифрлық технологиялар мен мақсатты аудиторияға бағытталған жарнама механизмдері мұндай контенттің таралуын жеңілдетіп, қауіп-қатерді күшейте түседі.

Сондықтан мамандар жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруды, ата-аналардың интернеттегі белсенділікті бақылауын және профилактикалық жұмысты жаңа форматта жүргізуді маңызды міндеттердің бірі ретінде қарастырады.