Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауқымды тексеру жүргізуді және миллиардтаған теңгенің жұмсалуын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, аудит барысында талапқа сай келмейтін 801 үміткердің конкурсқа жіберілгені анықталған. Оның 340-ы шетелде 7,6 млрд теңгеге стипендия алып оқып жүр. 15 үміткер бойынша республикалық комиссияның шешімі мүлде жоқ, бірақ олар оқуын жалғастыруда. Жоспардан тыс 151 стипендия 2,5 млрд теңгеге берілген. Ал 71 үміткер бір-біріне кепілгер болып, 876 млн теңге залал келтірген.
«Біз кімді дайындап жатырмыз? Әрбір үш-төрт жыл сайын «Болашақ» түлегі министр немесе әкім болып, кейін сыбайлас жемқорлыққа тартылады. Бұл жүйенің өзі сұрақ тудырады», — деді депутат.
Базарбек жалпы шығынды 10 млрд теңгеге бағалап, Бас прокуратура мен құқық қорғау органдарының қатысуымен тексеру жүргізіп, ақшаны қайтаруды талап етті. Ол сондай-ақ министрліктен шетелде тегін оқып жүргендердің аты-жөнін жариялауды сұрады. Сонымен қатар, депутат Scopus және Web of Science сияқты халықаралық базаларда міндетті түрде жариялау талабынан бас тартуды ұсынды.




