Иран Ормуз бұғазын тек "дос" елдерге ашып, АҚШ-қа ескерту жасады. Тегеран әлемдік сауда үшін маңызды Баб-әл-Мандеб бұғазын да жабуға дайын.
Иран әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірі – Ормуз бұғазын тек "дос" деп санайтын елдердің кемелері үшін ашты, деп хабарлайды
Todayinfo ақпарат агенттігі.
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчидің мәлімдеуінше, бұл тізімге Ресей, Қытай, Үндістан, Ирак және Пәкістан кірген.
"Біз Ормуз бұғазы арқылы өтуге дос санайтын бірнеше елге рұқсат бердік. Қарсыластарымыздың бұл бұғазды пайдалануына жол берудің еш мәнін көріп тұрған жоқпыз", - деді Арагчи.
Reuters агенттігінің жазуынша, Иран билігі бұл шешімі туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен Халықаралық теңіз ұйымына ресми хабарлама жіберген. Онда Иранға қарсы агрессияға қатыспайтын және қауіпсіздік талаптарын сақтайтын кез келген кеме бұғазды Иран билігімен келісе отырып пайдалана алатыны айтылған.
Сонымен қатар Тегеран тағы бір маңызды су жолы – Баб-әл-Мандеб бұғазына да қауіп төнуі мүмкін екенін ескертті. Иран өз аумағына құрлықтан басып кіру әрекеті жасалса, бұл бұғазды да жауып тастауға дайын.
"Баб-әл-Мандеб бұғазы – әлемдегі стратегиялық маңызы зор бұғаздардың бірі. Иранның оған нақты қауіп төндіруге ерік-жігері де, мүмкіндігі де бар. Сондықтан америкалықтар Ормуз мәселесін ақымақ шаралармен шешкісі келсе, онсыз да көп проблемасына тағы бір бұғазды қосып алмау үшін абай болғаны жөн", - деді Tasnim агенттігіне сұхбат берген әскери дереккөз.
Баб-әл-Мандеб бұғазы Йемен мен Эритрея арасында орналасқан және Аден шығанағын Қызыл теңізбен байланыстырады. Бұл – әлемдік сауданың негізгі бағыттарының бірі. Ол арқылы теңіз тасымалының 12%-ға жуығы және контейнерлік трафиктің 30%-ы өтеді. Жыл сайын бұл дәлізді 20 мыңға жуық кеме пайдаланады.
Бұған дейін Вашингтонның Тегеранға 15 тармақтан тұратын бейбіт келісім жобасын ұсынғаны белгілі болған. Қазіргі уақытта құжат жабық арналар арқылы талқыланып жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден