Қарағанды облысында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеу жұмыстары күшейтілуде, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Облыстық прокуратура мен әкімдік ұйымдастырған «Жарқын болашаққа бастар жол» форумында жұмысқа орналастыру, білім алу және қоғамдық қолдау мәселелері талқыланды.
Форум «Заң және Тәртіп» жалпыұлттық идеологиясы аясында өтті. Мемлекет, бизнес және қоғамдық ұйымдар заң бұзған азаматтардың қалыпты өмірге қайта оралуына күш біріктіріп отыр. Негізгі мақсат – оларды тек жұмыспен қамту ғана емес, мамандық меңгеруге және әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіруге мүмкіндік жасау.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде пробация есебіндегі азаматтарды қолдау шаралары жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау ғана емес, адамның түзелуіне көмектесіп, оны қоғамдағы толыққанды өмірге қайта бейімдеу екенін атап өтті. Мемлекет жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, жұмыс берушілер еңбек орнын ұсынады. Алайда жаңа өмірге қадам жасауды адамның өзі таңдайды, — деді өңір басшысы.
Облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев пробация есебінде мыңнан астам азамат тұрғанын, жүздегені тұрақты жұмысқа орналастырылғанын жеткізді. Кәсіптік оқыту және әлеуметтік көмек бағдарламалары жүзеге асырылып, Socium цифрлық платформасы мен FSM Social мобильді қосымшасы енгізілген.
Жыл басынан бері 600-ден астам жұмыс берушінің қатысуымен 60 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Пробация есебіндегі азаматтар үшін квоталанған жұмыс орындары бөлінуде. Осы мүмкіндікті пайдаланған қарағандылық Олжас Ерсаин «Қарағанды-Нан» кәсіпорнына жұмысқа орналасып, жарты жыл еңбек етіп келеді.
— Пробация есебіне тұрғанда тұрақты жұмысым болмады. Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Қазір тұрақты жалақы алып, еңбек етуді жалғастырғым келеді. Адамға жұмыс табуға қолдау көрсетілсе, жаңа өмір бастап, адал еңбекпен болашағын құруға мүмкіндік пайда болады, — дейді Олжас Ерсаин.
Форум қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат пробация есебіндегі азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіби оқыту, әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру бойынша мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің және қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысын көздейді.




