Қазақстан халықаралық транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтуды жалғастыруда. Вице-министр Жәнібек Тайжанов бастаған делегация Орынборға (Ресей Федерациясы) жұмыс сапарымен барып, көлік, логистика және транзит саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Сапар барысында Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевпен кездесу өтті. Тараптар теміржол инфрақұрылымын дамыту, мемлекетаралық түйісу пункттерінің өткізу қабілетін арттыру және жүк тасымалы көлемін ұлғайту мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Илецк» теміржол өткізу пунктінің жұмысы мен жаңғыртылуы жеке қаралды. Қазақстандық делегация нысанның ағымдағы операциялық қызметімен танысып, ресейлік әріптестерімен оның өткізу қабілетін арттыру шараларын, оның ішінде қатарлас тексеру процедураларын енгізу және инфрақұрылымдық дамуды синхрондау мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ Орынбор облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы, ірі өнеркәсіптік кәсіпорын-экспорттаушылар және астық секторы компанияларының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, өңірдің экспорттық әлеуетін дамыту және Қазақстан аумағы арқылы өнім тасымалы көлемін ұлғайту мәселелері қаралды.
Тараптар Қазақстан мен Орынбор облысы арасындағы тасымалдың тұрақты оң динамикасын және транзиттік ағындардың елеулі өсуін атап өтті. Сапар қорытындысы бойынша шекара маңы инфрақұрылымының өткізу қабілетін кеңейту және халықаралық көлік дәліздерін дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.




