Қазақстан Ресейден Тәжікстанға баратын сұйытылған газ транзитін шектеді, бұл Орталық Азия елдерінде отын бағасының қымбаттауына әкелді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық тасымалдаушысы Ресейден Қазақстан аумағы арқылы Тәжікстанға сұйытылған көмірсутек газын (СУГ) тасымалдауға арналған өтінімдерді қабылдамады. Бұл шешім «Тәжік темір жолдарының» инфрақұрылымның шамадан тыс жүктелуіне байланысты өтініші негізінде жасалған.
Транзиттік шектеулер мен ресейлік жеткізушілердің бағаны көтеруі салдарынан сәуір айының соңында Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанға жеткізілетін газдың құны бірден өсті.
Ресей мен Тәжікстан арасындағы келісім бойынша бажсыз жеткізілетін СУГ көлемі 50 мың тоннаны құрайды. Сарапшылардың болжауынша, бұл лимит мамыр айында таусылса, бағалар одан әрі шарықтауы мүмкін.
Жағдайды «Теңізшевройл» компаниясының жедел жеткізілімдерді тоқтатуы да ушықтырып отыр. Компания мамыр айына жоспарланған бірде-бір газ партиясын жөнелтпеген.




