Әлемнің төртінші ракеткасы Коко Гауфф Римдегі турнирдің үшінші айналымында Солана Сьерраны 5/7, 6/0, 6/4 есебімен жеңгеннен кейін өз ойын білдірді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Ол шешуші сетте 0/3 есебімен ұтылып жатқан болатын.
«Мен үшін бұл ауыр күн болды. Кейде өзіңді жайсыз сезінетін ойындар болады, бірақ бәрібір алаңға шығу керек. Бүгін дәл сондай күн еді. Әрі қарай өткеніме қуаныштымын. Бастапқыда мүлдем ойнағым келмеді. Алаңға шыққанда ынта пайда болды, бірақ онымен бірге қатты ашу-ыза да келді», — деді Гауфф.
Ол бұл жағдайдың физикалық емес, көбіне психологиялық себептерге байланысты екенін атап өтті. Гауффтың айтуынша, оның корттан тыс жеке мәселелері бар, оларды шешуге тырысуда.
«Бірақ ақырында бәрібір осы спортты қаншалықты жақсы көретініңді есіңе түсіресің. Бүгін мен күрестен ләззат ала алмағаныма өкінемін», — деді спортшы.<
Ол бұл жағдайдың бірнеше айдан бері жалғасып келе жатқанын жеткізді. Дегенмен, қиын кездерде де алаңға шығуға күш табатынын айтты.
«Мен өзімді қолдауға келетін адамдар мен көп жұмыс істейтін командам туралы ойлауға тырысамын. Сондықтан мен шығып, күресемін. Иә, бұл менің ең жақсы ойыным болмауы мүмкін, бірақ бүгін менде дәл осы күш пен эмоция болды. Мұнымен де мақтануға болады. Ең бастысы — болашақта мұндай күндермен қалай жақсы күресу керектігін үйрену», — деп қорытындылады Гауфф микст-аймақта.




