Танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы “Балапан” телеарнасының айналасындағы дауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Күні кеше қазақстандық актер Нұрғали Нұғман бірнеше жыл бұрын “Балапан” телеарнасында жұмыс істеп жүргенінде продюсер тарапынан зорлық көргенін мәлімдеген еді. Бұл оқиға желіде дау тудырып, қазақстандықтар ұлттық телеарнаға бойкот жариялауға шықты. Журналист Ләйлә Сұлтанқызы да Threads желісінде жазба жариялады.

Оның айтуынша, “Балапан” арнасын дәлелсіз дауға араластырудың қажеті жоқ. Ол бір адамның сөзіне сүйеніп, бүкіл арнаның жұмысына және қызметкерлеріне көлеңке түсіру дұрыс емес деп санайды.

“Балапан арнасына көптеген компания аутсорсер болып, түрлі хабарлар, сериалдар, мультфильмдер түсіреді. Әр аутсорсер компанияда ондаған, жүздеген адам еңбек етеді. Арна қызметкерлері барлығын танымауы қалыпты жағдай. Арна – тапсырыс беруші, ауторсер компания тапсырылған жұмысты келісім-шарт аясында орындаушы ғана”, – деп жазды ол.

Ләйлә Сұлтанқызының сөзінше, ол телеарнада 2012-2016 жылдары қызмет еткен. Оның айтуынша, сол кезеңде ер продюсерлер аз болған және олардың көбі штаттан тыс жұмыс істеген.

“Егер жәбірленуші кінәліні біліп, шынымен жазалануын қаласа, бірінші, арыз жазылып, іс қаралар еді. Жалпы айналысатын жауаптылар бар ғой”, – деп жазды ол.

Тележүргізуші бұл жағдайға қатысты өзін белгілеуді доғаруды сұрады.

“Мені белгілей берудің қажеті жоқ. Жұмыстан бөлек, танитын-танымайтын әріптестердің жеке өміріне, не істеп жүргендеріне араласпағанмын, жеке шекараларынан аттамағанмын”, – деп жазды ол.