Todayinfo.kz
ЭкономикаБарлық жазбаларды қарау

Тоқаев қытайлық инвестормен кездесті: Қазақстанда мақта-мата кластері дамиды

Қазақстанда толық өндірістік циклді мақта-мата кластерін құру жобасы талқыланды. Ол импортты азайтып, 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашады.

Авторы Todayinfo редакциясы··1 мин оқу
Тоқаев қытайлық инвестормен кездесті: Қазақстанда мақта-мата кластері дамиды

Қазақстанда толық өндірістік циклді мақта-мата кластерін жүзеге асыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Xinjiang Lihua компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихайды қабылдады.

Президентке жобаның импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ішкі нарықты бәсекеге қабілетті отандық өнімдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні баяндалды.

Чжан Цихай Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде бірнеше нысан, соның ішінде екі мақта өңдеу зауыты қолданысқа берілгенін жеткізді.

Таяу жылдары синтетикалық мата материалдарын, тоқыма және киім өндіретін нысандарды іске қосу жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру арқылы мақта егістігін 52 мың гектарға дейін ұлғайтуға болады. Егін шаруашылығында цифрлық технологиялар мен тамшылатып суару секілді инновациялық әдістер пайдаланылады.

Мақта-мата кластерінің алғашқы кезеңінде 360 миллион долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылып, 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылмақ.

Мемлекет басшысы кластердің еліміздің оңтүстік өңірінде агроөнеркәсіп кешенін және жеңіл өнеркәсіпті дамыту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

Президенттің пікірінше, жергілікті тұрғындар арасынан білікті маман даярлау ісіне мән беру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев су үнемдеу технологияларын кеңінен пайдаланудың өзектілігіне назар аударды. Сондай-ақ мақта өндірісінің шығынын ескере отырып, аталған салаға «ақылды» цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізуді құптады.

Ұқсас материалдар