Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Павлодар әкімі жастарға үндеу жасады: ертеңгі күннің негізі сіздің қолыңызда

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ақсу жастарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасы мен 7,3 трлн теңгенің инвестициялық жобаларын талқылады.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Павлодар әкімі жастарға үндеу жасады: ертеңгі күннің негізі сіздің қолыңызда

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласының жастарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасы мен өңірдің даму бағыттарын талқылады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Басқосу Eurasian Resources Group құрамындағы Еуразиялық энергетикалық корпорациясының алаңында өтті. Бұл – Ақсу МАЭС станциясы мен «Шығыс» кенішін біріктірген, елдегі ең ірі көмір және электр энергиясын жеткізушілердің бірі. Кәсіпорында 4,5 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі – жас мамандар.

Асайын Байханов кездесуде жаңа Конституцияның негізгі қағидасына тоқталды.

"Жаңа Конституция адамды, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп тануға негізделген. Бұл дегеніміз – басты назарда жастар, яғни сіздерсіздер. Елдің жаңа заңы бойынша өмір сүріп, болашақты құратын да – сіздер. Ертеңгі күннің берік негізі өз қолдарыңызда", - деді облыс әкімі.

Ол мемлекеттің міндеті – дамуға жағдай жасау, ал жастардың міндеті – сол мүмкіндікті пайдаланып, білімін арттыру екенін атап өтті. Өңір басшысының айтуынша, облыста жалпы сомасы 7,3 трлн теңгені құрайтын 107 инвестициялық жоба белсенді іске асып жатыр. Бұл жобалар аяқталғанда, 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ, кездесуде адам капиталын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыстағы 100-ден астам ірі кәсіпорын жас мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын. Сонымен қатар IT-хаб жұмыс істеп, 50-ден астам білім беру бағдарламасы іске қосылған.

"Мықты өңірді мүмкіндіктерді көре білетін және жауапкершіліктен қорықпайтын мықты адамдар қалыптастырады", - деді әкім.

Кездесуде жастар да өз ойларын ортаға салды. АЭС цехының электр слесары Әлихан Аушаихов алдағы референдумға міндетті түрде қатысатынын жеткізді.

"Еліміздің болашағы біздің таңдауымызға байланысты. Біз өзімізге жауапкершілік алуға және өңіріміз бен Қазақстанның дамуына үлес қосуға дайынбыз", - деді ол.

Ал АЭС технигі Рысгүл Алтынбекова жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатын энергетиктер әулетінен шыққанын айтты. Ол кәсіпорынның қолдауымен жеңілдетілген несие арқылы жаңа пәтерге қол жеткізгенін мақтанышпен бөлісті.

Жиын соңында Асайын Байханов жастарды референдумға белсенді қатысуға шақырып, өңірдің болашағы – барлық тұрғынның ортақ ісі екенін еске салды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

Павлодар әкімі жастарға үндеу жасады: ертеңгі күннің негізі сіздің қолыңызда · Todayinfo