Сейсенбі күні шараның жабылу салтанатында Еуропалық комиссияның вице-президенті Маргаритис Схинас сөз сөйледі.
«Орталық Азиядағы көлік байланысы жөніндегі «Global Gateway» (Жаһандық портал) инвесторлар форумын жабу – мен үшін үлкен мәртебе. Біз Еуроодақ пен Орталық Азия арасындағы өршіл және өзара тиімді серіктестіктің одан әрі дамуын асыға күтеміз», - деді М.Схинас.
Бұдан басқа, Еурокомиссияның вице-президенті Kazinform агенттігінің тілшісіне берген эксклюзивті түсініктемесінде Инвесторлар форумының идеясы – идеяларды іске асыру, көлік сабақтастығын ілгерілету екенін атап өтті.
«Осы тамаша идеялардың барлығы зерттеуді, инвестицияны, ақшаны қажет етеді. Бұл шараның мақсаты – үкіметті, инвесторларды, ұлттық және халықаралық институттарды біріктіру. Бұл шараға серіктестеріміздің белсенді қатысқанына қуаныштымыз. Мұның перспективалы мәні бар», - деп атап өтті М.Схинас.
ЕК вице-президенті сондай-ақ Орталық Азияның әлемде мәні артып келе жатқанын да атап өтті. Оның пікірінше, аймақ тұрақсыз әлемдегі тұрақтылық, қауіпсіздік және өсу орталығына айналып келеді.
«Қазақстанның артықшылығы – Орталық Азиядағы бес мемлекеттің арасында экономикасы ең жақсы дамып келе жатқан ең ірі мемлекет болуында. Бізде ЕО мен Қазақстан арасындағы өзара әріптестіктің келешегі зор», - деп түйіндеді сөзін М.Схинас.




