Тамыз айының соңы мен қыркүйектің басында Қырғызстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Осыған байланысты Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов ел тұрғындарына осы кезеңде Бішкек қаласынан уақытша шығып, Ыстықкөл мен өзге де демалыс орындарына баруды ұсынды.

Оның айтуынша, Қырғызстанға алғаш рет бір мезгілде 21 мемлекеттің басшысы келеді. Кейбір президенттер жұбайларымен бірге мемлекеттік сапармен келмек.

«Үш күн бойы Бішкек қаласында көшелер жиі жабылады. Әйтпесе, ең алдымен қала тұрғындарының өзіне қолайсыздық туындайды», – деді Асқат Алагөзов.

Сондай-ақ ол биыл мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері оқуын 15 қыркүйекте бастайтынын еске салды. Сондықтан тұрғындарға 1 қыркүйекке дейін Бішкекке оралудың қажеті жоқ екенін айтып, демалыстарын 15 қыркүйекке дейін жоспарлауға кеңес берді.