Қызылорда облысында бірнеше күннен бері із-түзсіз жоғалған алты жасар Медина Мұратбекқызының денесі табылды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қыз бала 5 маусым күні сағат 18:30 шамасында Сырдария өзенінің жағалауына жақын орналасқан «Рисмаш» ауданындағы үйінен шығып кеткен. Содан бері оның қайда екені белгісіз болған. Баланы іздеу жұмыстары бірнеше тәулік бойы жалғасты. Оған полиция қызметкерлері, құтқарушылар, туыстары, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

Іздеу барысында арнайы техника мен қажетті құралдар қолданылған. Нәтижесінде қыздың денесі «Айтек» су торабы маңынан өзен ағысымен төмен қарай шамамен 30 шақырым жерден табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Осыған байланысты полиция азаматтарды су айдындарының маңында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Әсіресе жаз мезгілінде балаларды өзен-көлдердің жанында қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертті. Құқық қорғау органдары ата-аналарға балаларды су жағасында ересектердің бақылауынсыз қалдырмауға және тек арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға рұқсат беруге кеңес берді. Полиция жаз мезгілінің басталуына байланысты балалардың бос уақыты көбейіп, өзен-көлдер мен басқа да су айдындарының маңында демалушылар саны артатынын ескертеді. Осыған байланысты балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ерекше маңызға ие.

Осыған байланысты ата-аналарға келесі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ұсынылады:

Балаларды су айдындарына ересектердің қарауынсыз жібермеу; Шомылуға арналмаған орындарда суға түспеу; Балалардың судағы әрекеттерін үнемі бақылауда ұстау; Құтқару құралдарын пайдалану; Суға түсер алдында балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру. Қызылорда облысы Полиция департаменті қайтыс болған қыз баланың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.