Todayinfo.kz
Қызылорда облысыБарлық жазбаларды қарау

Қызылордада Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті

Қызылордада 9 мамыр – Жеңіс күніне орай «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары мен ардагерлер қатысты.

Авторы Todayinfo редакциясы··1 мин оқу
Қызылордада Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті

Бүгін Қызылорда облысында 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты салтанатты шара өтті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

«Тағзым алаңында» ұйымдастырылған жиынға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері және ардагерлер қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз отандастарымыздың қайтпас қайсарлығы мен қажырлы еңбегін ешқашан ұмытпаймыз. Жанқиярлық пен ерліктің озық үлгісін көрсеткен батырларымыздың есімін әрдайым ұлықтаймыз. Ардагерлерімізге қамқорлық жасап, қолдау білдіреміз», — деген болатын.

Мейрамбек Зинабдинұлы майдангерлердің ерен ерлігі мен шексіз батырлығын жадымызда жаңғырту, оларды мәңгі есте сақтау – қасиетті борышымыз екенін атап өтті. Ол ел басына күн туған қиын-қыстау заманда бабаларымыздың батырлық пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсеткенін айтты.

Бүгінгі ұрпақ бейбітшілік аспаны астында, аштық пен суықты, сұрапыл соғыстың зұлматын көрмей, Тәуелсіз Отанымызда алаңсыз өмір сүруде. Батыр бабаларымыз қол жеткізген қасиетті де ұлы ерлік ел жадында мәңгі сақталады!

«Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз еңселі болғай!» — деді облыс әкімінің орынбасары.

Салтанатты шарада соғыс қаһармандары құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, Мәңгілік алауға гүл қойылды.

Айта кетейік, соғыс жылдары Қызылорда облысынан 70 мыңнан астам азамат майданға аттанған. Оның 30 мыңнан астамы қаза тауып, хабар-ошарсыз кеткен. Сондай-ақ, 22 азамат Кеңес Одағының Батыры атанып, 20 мыңнан астам жауынгер түрлі орден-медальдармен марапатталған.

Ұқсас материалдар

Қызылордада Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті · Todayinfo