ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жастарға онлайн платформалардағы жұмыс уақытша екенін ескертіп, оқуға түсуге кеңес берді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Министр мәжілістегі брифингте Glovo, Яндекс, Wolt сияқты платформаларда 700 мыңнан астам адам жұмыс істейтінін атап өтті. Алайда оның айтуынша, бұл – уақытша шешім. «Биыл inDrive және басқа компаниялар автопилоттарды іске қосады. Бірнеше жылдан кейін курьерлер де қажет болмай қалуы мүмкін», – деді Нұрбек.
Ол Алатауда ұшқышсыз таксилер мен жеткізу дрондары жақын арада іске қосылатынын еске салды. «Таксистер қазір жақсы табыс тауып жүр, бірақ бұл ұзақ мерзімді емес, тіпті орта мерзімді табыс та емес», – деп қосты министр.
«Бұл – мүлдем уақытша жұмыс түрі. Технологиялар адамдарды алмастырады, сондықтан мамандық алу маңызды», – деді Саясат Нұрбек.




