Қазақстанның ерлер құрамасы үстел теннисінен командалық әлем чемпионаты тарихында тұңғыш рет 1/8 финалға шықты, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Жарыс Лондон қаласында өтіп жатыр.
1/16 финалда біздің құрама Испанияға қарсы ойнады.
Алғашқы матчта Алан Құрманғалиев Альваро Роблесті 3:1 есебімен жеңді.
Кейін Кирилл Герасименко Хуан Пересті 3:1 есебімен ұтып, басымдықты еселеді.
Алайда, испандық спортшылар есеп айырмасын қысқартты: Даниэль Берзос біздің Айдос Кенжеғұловты 3:1 есебімен жеңді.
Матч соңында қазақстандық Кирилл Герасименко Альваро Роблестен 3:0 есебімен басым түсті.
Қорытынды есеп 3:1 болды. Ширек финалға шығу үшін біздің команда Жапония – Бельгия жұбының жеңімпазымен таласады.
Бұған дейін әйелдер құрамасы әлем чемпионатындағы өнер көрсетуін аяқтаған болатын. 1/16 финалда қазақстандық қыздар Швецияға жалпы есепте 1:3 есебімен есе жіберді.




