Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында Ақмола облысына келіп, өңір басшысы Марат Ахметжановпен бірге ірі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Сапар барысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Степногорск қаласында делегация жылу электр орталығында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты.

Үкімет адамдары қаладағы білім ошақтары мен денсаулық сақтау мәселесіне де тоқталды. Билік өкілдерінің есебінше, Степногорск қаласында жайлы мектеппен қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Кәсіпорында негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 57%-ға дейін төмендету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жылу желілерінің тозу деңгейі де 59%-ға дейін азайтылған.

«Энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығын арттыру мақсатында қазандық агрегаттарына, турбиналарға, күл құбыры мен түтін мұржасына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарастырылған. Бұл шаралар жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, пайдалану сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді», — деді «Степногорск Энергокомплекс» ЖШС бас директоры Мақсат Ысқаков.

Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» ЖШС-де болды, онда уран өңдеу кешенін жаңғырту нәтижесінде өндірістік қуаттылық жылына 4 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін артуда. Кәсіпорында өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және одан әрі дамыту, кадрлар даярлау мәселелері қарастырылды. Өндірісті кеңейту перспективалары «Степногорск подшипник зауыты» АҚ-да да талқыланды.

«ЖЭО құрылысы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Облыс орталығының тұрғындары бұл жобаның жүзеге асуын көп жылдан бері күтіп келеді. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет 124 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 16 вокзал Ақмола облысында орналасқан. Барлық жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етіп, жұмыс қарқынын жоғары деңгейде сақтау қажет», — деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.