Украина президенті Зеленский Ресей басшысы Путинге 15-17 маусым күндері Францияда өтетін G7 («Үлкен жетілік») саммиті аясында кездесу ұсынғанын мәлімдеді. Алайда оның айтуынша, Ресей басшысы мұндай диалогқа әзір емес. Зеленский бұл туралы 15 маусым, дүйсенбі күні Ресей шабуылынан зардап шеккен Киев-Печерск лаврасында журналистермен кездесу барысында айтты.
«Біз Путинмен G7 саммиті кезінде кездесуге дайын екеніміз туралы хабар жеткіздік. Өйткені ол жерде Трамп пен Макрон болады, яғни Еуропа елдері мен Америка өкілдері қатысады. Менің ойымша, бұл – бәріміздің бір үстел басында бас қосуымыз үшін өте жақсы мүмкіндік», – деп Зеленскийдің ағылшын тілінде айтқан сөзін Reuters агенттігі келтірді.
«Еуропа мен АҚШ бұл бастаманы қолдады. Ал Ресей кезекті рет өздерінің келіссөз жүргізуге дайын емес екенін көрсетті», – деп қосты Украина президенті.
БАҚ: Ұсыныс Кремльге түрлі арналар арқылы жеткізілген
Сонымен қатар, «РБК-Украина» агенттігі ақпараттандырылған дереккөзге сілтеме жасап, бұл ұсыныстың Кремльге бірнеше арна арқылы жолданғанын хабарлады. Атап айтқанда, араағайындар, дипломаттар және арнайы қызметтер арқылы жеткізілген.
Алайда Ресей тарапынан нақты жауап берілмеген. Дереккөздің мәліметінше, оның орнына Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков «Мәскеуге келуді» ұсынған.
Агенттік мәліметінше, бұдан кейін жасалған шабуыл Киевте белгілі бір деңгейде кездесуге қатысты ұсынысқа берілген «жауап» ретінде бағаланған.
Зеленский G7 елдерінен Ресейдің Киевке жасаған шабуылдарына қатысты жауап күтеді.
Осы уақытта Киевте Ресейдің соққыларынан кейінгі зардаптарды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Зеленскийдің айтуынша, 15 маусымға қараған түні Ресей Қарулы күштері тек Киевтің өзіне 60-тан астам зымыран ұшырған.
Оның сөзінше, жалпы Украина аумағына 70 зымыран мен 611 дрон бағытталған.
Қазіргі уақытта Киевте 28 адамның жараланғаны және төрт адамның қаза тапқаны белгілі болды.
Ресейдің шабуылы салдарынан 1073 жылы іргетасы қаланған Киев-Печерск лаврасындағы Успен соборы өртенген.




