2026 жылғы наурызда Қазақстанда инфляция баяулағанымен, дәрі-дәрмек бағасы керісінше рекордтық қарқынмен өсті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Наурыз қорытындысы бойынша дәрі-дәрмек жылдық мәнде 15,9%-ға қымбаттады. Бұл жалпы инфляция деңгейінен (11%) 4,9 пайыздық тармаққа жоғары. Мұндай көрсеткіш 2017 жылдың басынан бері ең жоғары болып отыр. Яғни, елде соңғы 9-10 жылдағы дәрі-дәрмек бағасының ең ірі секірісі қалыптасуда.
Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық бақылау комитеті ақпан айында баға мемлекеттік реттеу аясында төмендеп жатқанын мәлімдеген еді. Алайда ресми статистика керісінше көрсетіп отыр. Дәрі-дәрмек бағасы өсіп қана қоймай, басқа тауарлар мен қызметтерден әлдеқайда озып кетті. Салыстыру үшін: наурызда азық-түлік тауарлары 11,7%, азық-түлік емес тауарлар 11,3%, ақылы қызметтер 10% қымбаттады.
Өңірлер бойынша айырмашылық айтарлықтай. 20 өңірдің 9-ында баға өсімі критикалық деңгейге жетті. Ең жоғары өсім Шымкентте тіркелді: 25%. Одан кейін Батыс Қазақстан (22,4%) және Ақмола (22,1%) облыстары тұр. Алғашқы бестікте Жетісу (21,7%) және Ақтөбе (20,4%) облыстары да бар.
Баға өсімінің төмендігі Павлодар (5,5%), Маңғыстау (7,3%) және Қостанай (8,4%) облыстарында байқалды.
Сарапшылардың пікірінше, бағаның өсуіне импортқа тәуелділік, валюта бағамының өзгеруі, логистика мен шикізаттың қымбаттауы себеп болуда. Алайда теңгенің долларға қатысты нығаюы ескерілсе, басқа факторлар да әсер еткен. Өңірлерде бәсекелестіктің төмендігі, делдалдардың көптігі, логистикалық шығындар, сондай-ақ бақылаушы органдардың бағаны көтерушілерге қатысты немқұрайлылығы себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық факторларын жоққа шығаруға болмайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 33 дәрі-дәрмек атауының ішінде ең қатты қымбаттағандар: белсендірілген көмір – 66,5%, ацетилсалицил қышқылы – 52,2%. Бұл үш препарат тек дәрі-дәрмек арасында ғана емес, жалпы барлық тауарлар мен қызметтер арасында баға өсімі бойынша көш бастап тұр.
Бұл жағдай халықтың әмиянына қатты әсер етіп, әлеуметтік тәуекелдерді арттыруда. Аталған үш дәрі Қазақстанда ең көп сатып алынатын он дәрінің қатарына кіреді. Айта кетейік, 2025 жылдың төртінші тоқсанында елдегі нақты жалақы мөлшері 3,2%-ға төмендеген. Яғни, азаматтардың табысы азайып, танымал дәрілердің бағасы күрт өсуде.




